Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешқашан да жалған болмас, – деп жырлаған данышпан Абай атамыздың да өлеңдері мен қара сөздерінің, даналық нақылдарының, терең ойлары мен толғауларының еш жалғандығы мен жаңылысы жоқ десем, артық айтқан болмаспын. Ойшыл бабамыздың әр сөзі ұрпақ үшін шынымен де темірқазық іспеттес. Ол кісінің бүкіл сөзін зерделеп жазар болсақ, бір мақала түгілі, бір кітаптың өзі көтере алмас. Сондықтан, ақын шығармасынан ойып тұрып орын алған бір ғана сөзге біраз тоқталуды жөн көріп отырмын. Ол не десеңіз, адамзат әрдайым мұқтаж болған, кісіні адамдық шыңына жетелейтін, әсіресе, қазіргі заманда ауадай қажет қасиет, бес асыл істің бірі – терең ой. Бұл сөзді мен терең толғаныс, салмақты ойлану, әр нәрсенің байыбына барып, ақиқатына үңіліп, жан-жақты сараптау, талдап-талқылау, ақыл жүгірту, пікір жүргізу, осындай жолмен барып бір қорытындыға келу, нақты шешім шығару, сосын әрекетке көшу, – деп түсінемін.
Ақын терең ойды бекерден бес асылдың қатарына жатқызған жоқ. Ол өзі де өмірдің әр саласына қатысты терең ойға беріліп, көзімен көріп, қолымен істеп, басынан өткізген нәрселер туралы терең толғанып, ақыры бір пайымға келіп, сонысын қағаз бетіне түсірді. Өлеңді ермек үшін жазбады. Қара сөздерін жазуда еріккеннен қолына қалам алмады. Бір шабыт қысқан кезде ғана қағаз бетін шимайлай жөнелген жоқ. Абайдың бүкіл шығармасы терең ойдың жемісі. Әбден терең ойланып барып, ойы пісіп-жетілген кезде асыл маржандарын кітапқа төкті.
Сөзіне ісі сай Абай жастың да, кәрінің де, баланың да, ересек адамның да, әйел мен ердің де, жар-жұбайдың да, байдың да, кедейдің де, басшының да, қосшының да, қарапайым халықтың да, ақылды мен ізгі-жақсының, тентек пен бұзық, ұры-қарының да, білім-ғылымның да, надандық пен қараңғылықтың да, дұшпанға отар болған қара қазақтың да, жалпы адамзат баласының да, дүниенің де, ақыреттің де жағдайы туралы
“Көңілге түрлі ой түсер,
Әр тереңге нұсқасаң”, – деп (Домбыраға қол соқпа өлеңінен), терең ойға шомды. Одан әрі Жаратушы Алла мен адамның арасындағы байланыс, қайтсек Құдайдың сүйген пендесі болатындығымыз жайлы да терең пайымдар жасады.
Абай – терең оймен бірге терең білім, мол тәжірибе иесі де еді. Олай дейтініміз, болыс та болды, би де болды, ел ішіндегі дауларға да төрелік етті. Байлықты да көрді, кедейдің де қасынан табылды. Көзі ашық адамдармен араласты. Тентектің тепкісін де көрді. Білімділердің жазғандарын оқып, айтқандарын құлағына құйды. Үш жарынан оннан астам бала, олардан бірнеше немере сүйіп, ардақты жар, сүйікті әке, мейірімді ата болды. Осындай тәжірибелі өмірі мен терең ойының нәтижесінде “Дүниеге келуінен бастап ақыретіне дейінгі жағдайлары ұқсас, екі дүниенің қайғы, пәлесіне қаупі мен жақсылығына рахаты бірдей адамзат баласы бір-біріне дос-бауыр”, – деген қорытынды жасап (34-ші қара сөз), ендеше, “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп”, – деген байламға келді.
Жиырма жетінші қара сөзінде Сократ пен Аристотельдің диалогын келтіре отырып, Алланың адамды махаббатпен жаратқанын, олай болса сүйгенді сүймектің қарыз іс екенін, сенің қамыңды ерекше ойлаған жаратушы иеңе шүкірлік қылу керектігін айтты.
Патшалық Ресейге отар болған халықтың жағдайын да терең ойланып, қарапайым халықтың халі жақсарып, мұң-мұқтажына қол жеткізуіне сеп болардай ел басқару, болыс сайлау, халық-ішіндегі дау-жанжалдарды шешу т.б. секілді мемлекеттік істерге қатысты да өз пайымын жеткізді. (3-ші қара сөзін оқып көріңіз).
Енді кезекті ақынның терең ойдың маңыздылығы туралы шығармаларынан үзінділер келтіруге берейік.
Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме,
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл тастай көрме, – дейді данышпан атамыз. (“Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап” өлеңінен). Жүректің түбіне сүңгу – терең ойлану деген сөз.
Ақын “ақиқат – осы терең ойдың, жүрекке сүңгудің түбінде жатыр”, – дейді:
“Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Дін дағы, ақиқат та тереңінде” (“Көк тұман – алдындағы келер заман” өлеңінен).
Осы ақиқатқа жете алмаған, “ақылы қайратынан аспай”, жүрегінің түбіне терең бойлай алмаған, тереңге бара алмаған үстірт адамның өмірін мәнсіз, сәнсіз санайды:
Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас, үстірттер…
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса? (“Жүректе қайрат болмаса” өлеңінен).
Білім-ғылымға сүйенбеген құр ойдың пайда бермесі де анық нәрсе. Мұны жетік түсінген дана бабамыз, осы екеуін жанына серік етпеген кісінің ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап деген нәрселермен ісі болмай, өтірік пен өсектің құлына айналатынын баяндап, ондайларды
Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең білім іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, – деп жазғырады. (“Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” өлеңінен).
Дана бабаымз ғылым-білімге үндеп, ғалымдардың сөзіне еруді насихаттағанымен, әрдайым өз ақылына да жүгініп отыруға, өзіне дейін келе жатқан сөздер мен қағидалардың дұрыс-бұрыстығына, озықтығы немесе тозығы жеткендігіне өз ақылын қолданып, сараптап-талдай отырып көз жеткізуге шақырады. Естіген сөзінің бәріне сене бермей, әбден анық-қанығына жетіп алуды өсиеттейді. Жаңағы жүрегінің түбіне терең сүңгіп жеткен шындығы мен ақиқатында қасқайып тұруға, надандықпен бой бермей күресуге үгіттеп,
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты –
Кім болса, мейлі, сол айтты,
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз, – дейді. (Ғылым таппай мақтанба өлеңінен).
Бұл жерде бір ескеретін мәселе – ақын айтқандай күпірлікке түсіп қалмас үшін, өзінің қисық-қыңыр пікірінде қатып қалып, ақиқаттың жаршысы Құран аяты мен Пайғамбар хадисіне қайшы келуден сақтану да өте маңызды нәрсе.
Дана Абай ақиқатқа жету жолындағы терең ойға тағы бір сипат қосады. «Ол не?», – десеңіз,
Кім жүрмес тіршілікке көңіл бермей,
Бақи қоймас пәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей, – деген өлеңінде айтылғандай, бір-екі ойланып көріп “басым қатып кетті”, – деп тоқтай салмай, “терең ойдың соңынан телміре еру”, – деген Абай енгізген бір “термин” дер едім. Бұл дегеніміз – тұрақты түрде терең ойлану, үнемі ой үстінде жүру, ойланудан шаршамау деген сөз. Бірақ, мұны құр сары уайыммен шатастырып алуға болмайды. Себебі, Абай атамыз төртінші қара сөзінде: «Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен?! Жоқ, үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек, һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт! Шығар есігі таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де – бір антұрғандық», – дейді. Осылайша, құр уайым мен орынды уайымның, басқаша айтсақ, құр қайғы мен терең ойдың аражігін ажыратып береді. Ойланып, бір шешімге тоқтауға, нақты әрекет жасауға шақырады.
Данышпанның осы бір өсиеті қазіргі заманда да бізге ауадай қажет боп тұр. Ғылымның жетіп жатқан жетістігі де осы ойланудың арқасы. Өтірік-шыны аралас ақпарат қаптаған заманда кім көрінгеннің сөзіне еріп кете бермей, ақиқат пен жалғанды ажырата алып, туралықтан тайқымай, болып жатқан оқиғаларды бағамдап, анализ жасап, білген ғылымымызды игілік жолында қолданып, келешекке нық қадам басу үшін де көбірек ойға мұқтажбыз. Заман көшіне ілесер, оза шауып әлемді жақсылыққа жетелер ойлы жандар көп болсын деп тілейміз.
Серіков Қуаныш Файзоллаұлы.
Семей қалалық Тыныбай мешітінің наиб имамы.
Пікір қалдыру