РАҚЫМ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті Семей өңірінің мұсылмандары!

Баршаңызды күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын ерекше айтқан екен.

Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық! Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Дана халқымыз: «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деп айтқандай егеменді еліміздің тұғыры баянды болу үшін бүкіл қазақстандықтар зор ынтымақта болып, еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтау керек. Бұл әрқайсымыздың қоғам алдындағы басты міндетіміз болып табылады.Қ

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында ұзақ жылдар бойы тілеген дұғамыз қабыл болып, Мемлекет басшысы өз Жолдауында алдағы уақытта Абай облысы құрылады деп баршамызды жақсы жаңалықпен сүйіншіледі. Қуаныш құтты болсын, ағайын!

Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болсын! Әршаңырақта аманшылық болып, Жаратушы Иеміз әр отбасына бақ- береке дарытсын!

Отанымыз – Қазақстан мемлекетінің мерейі үстем болып, Алла Тағала егеменді елімізге бейбіт өмір, ынтымақ-береке және мол ырыс нәсіп етсін!

Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!

Ізгі ниетпен, Асқар қажы Әбітайұлы

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының Семей өңіріндегі және Семей қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы.