СЕМЕЙ ЖАМАҒАТ АРАСЫНДА ҚҰРАН ЖАРЫСЫ ӨТТІ (ФОТО)

ҚМДБ Семей қаласы бойынша Бас имам Асқар Әбітайұлының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айының құрметіне Семей аймағы бойынша жамағат арасында құран жарысы өтті.
Рухани, тағылымы мол сайысқа мешіт шәкірттері, құран жаттаған жамағат қатысып, Қасиетті Құран Кәрімнің 30-шы парасынан және шәмс сүресінен төмен қарай жатқа айтудан жарысқа түсті. Екі дүниенің бақытына апарар Алла Тағаланың сөзін жүрекке жеткізе оқыған шәкірттердің дауысы мешітті ерекше әуенге бөледі. Шәкірттердің білімдерін сараптауға Хакім Хәзірет мешітінің ұстазы Рүстемұлы Арман қари, Төлеубек қажы мешітінің ұстазы Нұғман Ералы қари, Сапарбаев Омар қари, Сатешов Сақи қари, Тыныбай мешітінің наиб имамы Серіков Қуаныш қазылық етті. Бас имам  Құран Кәрімді өз ережесіне сай тәжуидпен оқи білудің сауабы жөнінде мағыналы уағыз айтты.  Әр аудандардан жиналған жарыс қатысушыларына арнайы сый-сыяпат көрсетілді.

Жарыс қорытындысына сәйкес:

30-ШЫ ПАРА БОЙЫНША:

I – орын Зейноллаев Азамат(150 000 теңге)
II – орын Әкімбек Шалқар (100 000 теңге)
III – орын Әділет Әбдіхасымұлы (50 000 теңге)

ШӘМС СҮРЕСІНЕН ТӨМЕН ҚАРАЙ ЖАТТАУ БОЙЫНША:

I – орын Бурленов Жарқын (50 000 теңге)
II – орын Омаров Абдулла (30 000 теңге)
III -орын Марат Мұратұлы (20 000 теңге) иеленді.

Алла Тағала: “Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер”, – десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің», – деп өсиет қалдырған. Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылмандарға Алла тағала фирдаус жаннаттын нәсіп етсін. Еліміз аман болып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын.