Семей қалалық Қос мұнаралы мешітінде  өткен Мың айдан қайырлы Қадір түні

Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде Семей қалалық Қос мұнаралы  мешітінде жергілікті жиналған жамағат тарауих намазын оқыды. Қасиетті Рамазан - Құран түскен ұлық ай. Қадірі мол бұл айда қасиетті Құран Кәрімді бастан-аяқ оқып, толығымен хатым етудің жөні ерекше екені белгілі.

Семей аймағы бойынша Абай Құнанбайұлы атындағы Бас имамы Асқар Әбітайұлының ұйымдастыруымен Семей аймағына он екі қари алдырып соның бірі. Қасиетті Рамазан айының құрметіне Құранды хатым ету үшін Сахи қари Семей қаласындағы Қос мұнаралы мешітінде ай бойы тарауық намазын өткізіп, әсем даусымен Құранға деген сүйіспеншілікті арттырған болатын.

Қасиетті Құран Кәрім аяттарынан болған сауапты Алла Тағаладан қабыл болуын тілеп дұға қылған Семей аймағы бойынша Абай Құнанбайұлы атындағы Бас имамы Асқар Әбітайұлы еліміздің іргесі аман, тыныштығымыздың тұрақты болуын, береке-бірлігіміз жарасып, қуаттана берумізді, әрі түрлі табиғи апаттардан, қауіп-қатерлерден сақтауын тілеп дұға жасады.

Семей қалалық Қос мұнаралы мешітінің бас имамы Біржан Аманжолұлы жамағаттың және өзінің атынан Сахи қариға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, қазақы дәстүрдің аясында қаридың иығына шапан жауып, кеңпейілдікпен сый-сияпат көрсетті.

Мұнан кейін арнайы бағдарламаға сәйкес бас имам Біржан Аманжолұлы “Қадір түнінің артықшылығы” жайында, найб имам Бауыржан Құмарғазыұлы “Намаздың ұлықтығы” туралы, тақырыбында уағыз жүргізді.

Жаратқан Иенің қасиетті де құрметті еткен Қадір түнінде Алла үйіне құлшылық етуге адамдар көп жиналды. Имандылықты жандарына серік етіп, Алладан рақым күткен  жандар имамдардың уағыз насихатын ұйып тыңдады. Мұнан соң Қадір түнінің ұлықтығын сезініп, Алланы зікір еткен жамағат тізіле сапқа тұрып тасбих намазын оқыды.

Сәресі уақытында мешіт жанындағы хатымханада сәресі беріліп, мешітке келген жамағат ауыз бекітті.

Қадір түнін мешітте қарсы алып, Аллаға деген ниеттерін  құлшылықпен арнаған мұсылмандар бір біріне ізгі тілек айтып, ойлаған арман мақсаттарының, Алла разылығы үшін жасалған істерінің қабыл болуын айтып тарасты.

Семей Қос мұнаралы мешітінің баспасөз қызметі.