Шашты транспланттау – шашты бастың таз аймағына ауыстырып емдеу мақсатында қолданылатын әдіс. Қазіргі медицинада шашты транспланттаудың табиғи және жасанды әдісі кең қолданылуда.
- Табиғи шашты транспланттау – адамның шаш тамырларын бас терісінен алып, шаш түсу аймағына импланттау арқылы жүзеге асырылады. Бұл мәселеге қатысты ғалымдар арасында екіұдай пікір бар. Кейбір ғалымдар шаш егуді Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту және шаш жалғаудың бір түрі санап, оған тыйым салған (Әл-Маусуғату әл-муяссара фи фиқһи әл-қадая әл-муағасара (қисму әл-фиқһи әт-тибби), 204).
Кейбір ғалымдар өсетін әрі тамыр алып кететін шашты бастың таз аймағына отырғызып емдеуге рұқсат береді. Олар «шаш трансплантациясы Алланың жаратқан жаратылысына өзгеріс енгізу, яки көзбояушылық жасау емес, шашты табиғи қалпына келтіру мақсатында жасалатын емдік шара» деп есептейді (Мухаммад Усман Шубайр, Әхкәму жәрахати әт-тәжмили фи әл-фиқһи әл-исләми, 23. Махмуд әс-Сартауи, хукму әт-тәшрих уә жәрахату әт-тәжмил фи әш-шәрғияти әл-исләми, мәжәлләту дирасат, 3-саны, 1984 ж, 149. Фиқһу ән-нәуәзил, 154. Әли Мухиддин әл-Қараһдағи. Әли Юсуф әл-Мәһди. Фиқһу әл-қадая әт-тиббияти әл-муғасара, 535).Негіз ретінде таз, соқыр және алапес туралы келген хадисті дәлел етіп келтірген (Бұхари, №3464. Мүслим, №2964). Хадисте таз адам кемістіктен құтылу мақсатында, басына шаш өсуін сұрайды. Демек Алла Тағаладан шаш өсуін сұрауға рұқсат етілсе, оған жету үшін шариғатқа сай ем-шара мен әдіс-тәсілдерді қолданудың зияны жоқ.
Адамға шашының түсуі немесе таз болуы физикалық және психологиялық тұрғыдан кері әсерін тигізеді. Сондықтан мұндай кемістікті емдеу үшін шашын транспланттауға рұқсат етіледі. Бұл фиқһтағы: «Қажеттілік зәруліктің орнын басады» (Шарху мәжәлләти әл-ахкәм, 32/38. Ибн Нужәйм, әл-әшбәһ уә ән-нәзайр, 91. Әл-уәжиз, 183. Әл-Қауаиду ән-Нәдәуи, 233) деген қағидаға негізделеді.
Ислам фиқһ академиясының 2007 жылы Малайзияда өткен 18-отырысының №173 (11/18) қарарында пластикалық операцияға қатысты: «Зәрулік және қажеттілік жағдайда оқыс оқиғаның, өрттің салдарынан туындаған кемістікті жою мақсатында пластикалық отаға шариғи тұрғыдан рұқсат етілгені секілді кейіннен туындаған қандай да бір сырқат салдарынан шаштың түсуіне байланысты шаш егуге де рұқсат етіледі» делінген.
Олай болса өсетін әрі тамыр алып кететін донорлық шашты адамның өз денесінен алып, бастың таз аймағына отырғызып емдеуге рұқсат. Ал басқа біреудің шашын пайдалану жайлы Ханафи мәзһабының ғалымы Бадруддин әл-Айни былай дейді: «Адамның шашын сатуға да, пайдалануға да болмайды. Бұған байланысты ғұламалар арасында талас жоқ. Тек имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша, өзге адамның шашын пайдалануға рұқсат» (әл-Бинәяту шарху әл-һидәя, 8/166).
- Жасанды шашты транспланттау – синтетикалық талшықтарды бастың таз аймағына егу арқылы жүзеге асырылады. Жасанды шашты егу барысында адам денесі синтетикалық талшықты қабылдамайтын жағдайлар жиі орын алады. Ондай кезде адам ағзасына зиян келтіретін дәрілер қолданылады. Ал шариғатта өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге рұқсат етілмейді (Ибн Мәжа, №1909).
Синтетикалық талшықтан тұратын жасанды шаш өспей, сол қалпында қалады. Оны қысқартуға да, тақырлап алуға да келмейді. Мұндай шаш жалғаудың негізгі мақсаты көзбояушылық болғандықтан, кейбір ғалымдар жасанды шашты транспланттауға тыйым салған (әл-Маусуғату әл-муяссара фи фиқһи әл-қадая әл-муғасара (қисму әл-фиқһи әт-тибби), 204-205).
Дегенмен кей ғалымдар бас терісіне зиян тигізбейтін болса әрі шаш шығарудың басқа жолы табылмаса, жасанды шаш отырғызуға рұқсат берген. Себебі «синтетикалық талшықтардан жасалған шашты транспланттау шаш жалғау үкіміне кірмейді. Өйткені мұндай әдісте шаш жалғанбайды, керісінше егіледі, отырғызылады» – деген. Ал Ханафи мәзһабында адамның шашын жалғауға тыйым салынады. Алайда адамның шашынан басқа «шашты» (жануарлардың және синтетикалық талшықтарды) жалғауға рұқсат етіледі (Хашияту Ибн Абидин, 3/373, 1/243. Әл-Фәтәуа әл-һиндия, 5/358. Умдату әл-Қари, 19/226).
- Табиғи шашты адамның өз денесінен алып, бастың таз аймағына отырғызуға рұқсат.
- Өзге адамның шашын егуге тек зәрулік жағдайда ғана рұқсат етіледі. Алайда адам шашын саудаға салуға болмайды, ол – харам.
- Түсіп қалатын шашты көзбояушылық мақсатында отырғызуға болмайды.
- Жасанды шаш транспланттау адамның бас терісіне зиян тигізбесе әрі кемшілікті жоюдың басқа жолы болмаса, бұл әдіске рұқсат етіледі.
Пікір қалдыру