РАМАЗАН – ҚҰРАН ТҮСКЕН АЙ

Қасиетті Рамазан – Алла Тағаланың рақымы мен мейіріміне толы ай. Бұл айда Алла жолында шын ықыласпен құлшылық еткен әрбір адам үлкен сауап алады және Раббысының рақымына бөленеді. Әрине, Рамазан айындағы ең маңызды іс – Алланың разылығы үшін ораза ұстау. Иә, бұл Алланың алдында ұлы ғибадат, өйткені, Құран Кәрімде және ардақты Пайғамбарымыздың сүннетінде бұл туралы көп айтылған. Бірақ қасиетті айда мұсылман баласы тек оразамен ғана емес, сонымен қатар, басқа да ғибадат түрлерімен айналысуы керектігін естен шығармаған жөн. 

Мәселен, осы қасиетті айда Құран Кәрім түсірілді. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде былайдейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» (Бақара, 2:185).

Имам Ибн Кәсир бұл аятты тәпсірлеп: «Алла Тағала бұл аятта Рамазан айын мақтап тұр. Себебі барлық айлардың ішінен Құранды түсіру үшін ораза айын таңдаған. Сонымен қатар, барша иләһи кітаптар Рамазан айында түскені туралы деректер де келтірілген…» – деген.

Қасиетті Құран адам баласына түсінікті болу үшін бірте-біртебөліктерге бөлініптүсірілді. Мұндай бөліктерге бөлініп түсірілудің хикметін Алла Тағала былай түсіндіреді: «Кәпірлер: Неге Құран бір уақытта толық түсірілмеді?» – дейді (Фұрқан, 25:32). Расында, Құранды біліп, жаттап, бөлшектеп оқу керек, сол кезде адам баласы көп сауапқа ие болады және ол кісінің жүрегі нұрлана түседі. Сонымен қатар, Құранды оқығанда Құранның хақысын беріп, мүлде асықпай оқу керек.

Қасиетті Рамазан айында уақыт тауып, Құран Кәрімді көп оқуға талпынуымыз қажет. Бұл қасиетті Рамазан айындағы маңызды ғибадаттардың бірі. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Әрине Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгемейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады». (Фатыр, 35:29).

Имам Ибн Кәсир бұл аятты тәпсірлеп: «Алла Тағала Оның кітабын оқитын, Оған иман келтіретін, намазды толық оқитын және Алланың берген нығметінен жасырын және ашық жұмсайтын мүмін құлдары туралы хабар береді. Олар Алладан міндетті түрде алатын сый күтсін…» – деген.

Құрметті мұсылмандар, біз міндетті түрде Құран Кәрімді оқуға уақыт табуымыз керек.Әсіресе, қасиетті Рамазан айындақасиетті Құранды оқуды әдетке айналдыруға үлкен мүмкіндік бар.

Пайғамабарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құранды оқыңдар, өйткені, ол қиямет күні оны оқығандарға шапағатшы болып шығады», – деген. Құран – бүкіл отбасың үшін Алланың алдында шапағатшы болады. Мұны естен шығармауымыз керек, өйткені Құран аяттары оқылған үйде иләһи рақым түседі.

Бұл туралы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көп айтып кеткен. Пайғамабарымыз Мұхаммед  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің»,– деген.Осы хадисті Имам ат-Тирмизи келтірген.

Алла Тағала адамдардың арасында Алланың кітабын оқитындар бар екенін айтады. Олар осы кітаптың әмірлерін орындап, Алланың ондағы тыйым салған нәрселерінен аулақ жүреді.Олар Құран Кәрімнің ақиқаттығына сенеді. Олар бұл Құран Кәрімді оқиды, оны зерттейді, оның мағынасы туралы ойлайды және нұсқауларын орындайды. Олар күннің кез келген уақытында, әсіресе, діннің тірегі, исламның нұры, иманның өлшемі және мүміндердің шыншылдығына дәлел болған парыз намаздарын орындау кезінде Қасиетті Құран Кәрімді оқиды.

Олар туған-туысқа, кедей-кепшіктерге, жетімдерге және мұқтаж жандарға көмектеседі, зекет береді, кәффарат жасайды, Алла Тағалаға берген нәзірлерін орындайды, садақа береді. Олар жасырын және ашық түрде, яғни кез келген уақытта, басқалар көрсе де, көрмесе де жақсылықтарды жасайды. Олар осы игі істердің барлығын шынайы және сенімді мәміле үмітімен жасайды. Мұсылманның бойында осы қасиеттер болуы керек. Осы амалдарды кімде-кім жасаса, ондай адам Алланың рақымына және Оның жомарт сыйына ие болады. Жоғарыда аталған амалдарды Алла Тағала разылығы үшін шын ықыласпен және ешқандай риясыз жасау керек.

Сахаба Абдулла ибн Масғұдтан (Алла оны рақымына бөлесін) мынадай бір риуаят келтірген: «Мен Алла елшісініңқасында болғанда(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, оған бір сауап беріледі. Ал бір сауапқа он сауап беріліп еселенеді. Мен «الم»-ді бір әріп деп тұрғаным жоқ. Алайда, «ا» (әлиф) жеке өзі бір әріп, «لام» (ләм) жеке басына бір әріп, «م» (мим) өз алдына бір әріп», – деп айтқандығын естіген едім. Осы хадисті Имам ат-Тирмизи келтірген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құран оқушы мүмін – тамаша иісті және дәмді, тәтті жеміс секілді. Ал Құран оқымайтын мүмін – иісі жоқ, бірақ дәмді, құрма секілді. Құран оқитын екіжүзді – хош иісті, бірақ дәмі ащы райхан секілді. Ал Құран оқымайтын екіжүзді – иісі де жоқ, дәмі де ащы колоквин секілді» – деген. Осы хадисті Имам әл-Бухари және имам Муслим келтірген.

Пайғамабарымыз Мұхаммед  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Құран оқып және ондағы аяттарға сай амалдар жасап жүрген адамға, ата-анасының басына жарқырауы үйлерді нұрландыратын күн нұрынан да күшті болатындай тәж кигізіледі» – деген. Құран оқыған адамның сауабы қандай болатынын ойлаңыз.

Құран – мүміннің өміріндегі басты нұсқаушы. Бұл – Алла Тағаланың сөздері, оны оқып, үйреніп, Алламен сөйлеседі, Оның қолдауын сезеді және Құран аяттарымен өмірде әрекет етеді. Құран – мұсылманның әрбір қадамын қай бағытта жасау керектігін көрсететін жол. Алланың мейірімі өте кең және ол адамды шынайы бақытқа жетелейтін ережелерді көрсеткен.Біз мұсылмандар мұны ұмытпай осы қасиетті Рамазан айында Құран Кәрімді оқуға көп уақыт бөлуіміз керек.

Нұрлан Қайырбеков,

PhD дінтанушы, исламтанушы

ҚМДБ Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі