Алматыда «Дәстүр мен жаңашылдықтың діни қырлары: әлемдік және қазақстандық болмыс аясында» атты республикалық конференция өтті.
«Нұр-Мүбарак университеті ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтымен қоян-қолтық қызмет етіп келеді. Институттың Дінтану орталығына 10 жыл толуы – баршамызға ортақ мерейтой», – деп алғашқылардан құттықтау сөз айтқан НМУ проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев халықаралық конференцияда қазіргі қоғамымыздағы өзекті мәселелерді де ортаға салды.
Конференцияны ұйымдастырушылардың мақсаты – дәстүрлер мен инновациялардың дінтану және исламтану аспектілерін ашу, олардың инклюзивті Ислам санасының перспективалық дамуы үшін теориялық және практикалық маңыздылығын өзектендіру еді. Сондықтан PhD доктор Қайрат Құрманбаев қазіргі қазақ қоғамындағы дәстүрлердің озығы мен тозығына тоқтала келе, ел ішіндегі жиын-тойлардың даңғазалыққа, түрлі ойын, қонақжайлылық секілді салттарымыздың да ысырапшылдыққа жол беруі жиі кездесетінін алға тартты.
Бұл мәселелер мәдениеттану, әлеуметтану, дінтану тұрғысынан реттелу қажеттігіне қатысты ұсыныс жасады. Исламтану саласында да түсінбеушіліктердің орын алуы қоғамдағы проблемаларды ғылыми тұрғыдан негіздеу қажеттігінің көрінісі екені баса айтылды.
Осылайша қатысушылар қоғамымыздағы дәстүрлер мен жаңашылдықтардың ғылыми синтезінің діни (исламдық) аспектілерін ұсынды. Пікір алмасу барысында әртүрлі тарихи кезеңдердегі дәстүрлерді қоғамдық реттеу функциялары баяндалып, теологиялық және идеологиялық түсіндірмелердегі дәстүрлер мен инновациялар ұғымдары талданды.
Конференцияға отандық философтар, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, дінтанушылар, исламтанушылар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және басқа да гуманитарлық ғылымдардың өкілдері қатысты.
Әлемдік және қазақстандық шындық контекстіндегі дәстүрлер мен инновациялардың діни аспектілерін талқылаудың практикалық нәтижелері рухани жаңғыру көздерінің сабақтастығы мен тұрақтылығы шеңберінде бұрынғы және жаңа құндылықтардың синтезі жағдайында қоғамның үдемелі даму процестерінің және дәстүрлер мен инновациялардың үйлесімді өзара іс-қимылының шарттарын айқындауға бірқатар қадам жасалды.
Пікір қалдыру