Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай аймағына арнайы жасаған іс-сапары облыс тұрғындарына жаңа серпіліс бергендей. Алдымен жергілікті халықпен кездесіп, облысымыздың – ел тарихы мен төл шежіреміздегі орны ерекше екенін атап өтті.
Келелі кездесуден кейін Семей қаласының төрінен жазушы Мұхтар Әуезов пен ғалым Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткішті ашты. Бұл ұлт тарихындағы біртуар тұлғаларымызға құрмет және Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойына арналған тарту болғанын жеткізді. Бұны қуғын-сүргінге ұшыраса да, тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еліне адал қызмет еткен азаматтардың есімін ел есінде қалдыру үшін жасалған игі шара деп түсінеміз.
«Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы. Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны бұдан 120 жыл бұрын осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған. Ұлт футболының тұсауы да осы жерде кесілген. Еліміздегі тарихи-өлкетану музейі, қоғамдық кітапхана, архив, телеграф алғаш рет осында ашылған. Сондықтан бұл жерді халқымыз қазақ руханияты тамыр жайған жер деп ерекше қадірлейді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен қатар, облысымыздың төл тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан мемлекет басшысы Абай елінде бірнеше бастаманың қолға алынатынын мәлімдеді. Алдағы уақытта игі істер өңіріміздің өркендеп, көркеюіне себепші тетіктердің біріне айналарына сенім білдіреміз.
Асқар ӘБІТАЙҰЛЫ
Абай облысының Бас имамы
Пікір қалдыру