Алаш зиялылары өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясын құру болды. Олар бұл мақсат жолында ұлан байтақ жерімен бірге сақтап, қазақ ұлтының жойылып кетпеуін, елдің азаттығын, тілін, дінін, салт дәстүрін сақтау үшін өздерін құрбан етуге дайын тұрды.
Алашорда үкіметін құру Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған зиялы тұлғалар Алаш партиясын негізін қалап, Әлихан Бөкейхан төраға болып сайланды.
Алаш зиялылырының барлығының білімі, ұстанымы, қазақ ұлтының салт-дәстүрі,дінімен ұштасып жатты. Сол кезде діни білім беріп жүрген дін қайраткерлері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қарашұлы ұлттың рухани бай болуын, діні мен тілінің жойылмай, ата-дәстүрін сақтау арқылы дамуын ең басты орынға қойды.
Осы күнде дінге қатысты біраз шиеленістер мен дау-дамайлар белең алып бара жатқаны жасырын емес. Оның басты себебі, әлемдік діндердің өзара тармақтарға бөлініп, өзгеше ағымдардың пайда болуы. Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен иман керек. Абай Құнанбаевтың: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деуі тектен тек емес. Қожа Ахмет Иасауи бабамыз да: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады», – деп, иманды алғашқы орынға қояды. Иманы, ары, адамгершілігі бар адам ешқашан да опасыздық жасамақ емес. Отанды сүю шынайы иманнан көрініс табады. Имансыз адам Отанның қадір-қасиетін де, маңызын да білмей өтеді.
Ислам діні ең алғаш Қарахан мемлекеті мемлекеттік дін деп жариялағаннан кейін қазақ даласында тарай бастады. Қызыл империя салған 70 жылдық зобалаңнан кейін, атеистік көзқарастардан бізді дін мен дәстүрдің сабақтастығы алып шықты. Әсіресе, қазақ елі үшін салт-сана, тіл мен дінді насихаттауда алаш зиялыларының ықпалы зор болды. Қылышынан қан тамған Ресейдің саясаты жүріп тұрған заманда дәл сондай азаматтардың болуы қажет еді. Бүтін бір елді боданына айналдыруды көздеген отаршыл үкімет халқымыздың дәстүрлі діні мен мәдениетіне ауыз сала бастады. Қазақ даласында және Түркістан өлкесінде миссионерлік жолды басты қару етіп, шоқындыру, орыстандыру әрекеттерін жүзеге асыруды көздеген-ді. Олар мұсылмандық мектептерді, медреселерді жауып, орнына аралас қазақ-орыс мектептерін ашуға үлкен күш салды.
Қазақ қанша мұсылмандықты ұстанса да, атеистік көзқараста болса да дәстүрін ұмытпаған. Дәстүр мен діннің біте қайнасып, қатар жүретінін уақыт әлдеқашан дәлелдеп қойған. Белгілі дінтанушылардың өзі «дін – кеңес үкіметі тұсында дәстүрдің сақталып қалуының арқасында жойылып кетуден аман қалды» деген тұжырымдаманы алға тартады. Сол сияқты, Алаш зиялыларының көптеген еңбектері ағартушылыққа бағытталды. Діни бағытта болсын, ғылыми бағытта болсын қазақ азаматтарының сауатты болып шығуы аса қажет еді. Оған себеп, Ресейдің орыстандыру мен христиандандыру саясаты болғанын жоғарыда тілге тиек еттік. Тілі мен дінінен айырылған халықтың тарих сахнасында аты өшпей қалуы мүмкін емес-ті. Дәл осы себеп үшін де зиялы қауым өкілдері барынша күресіп бақты. Сол кезеңдердің жаршысы саналған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты», «Қазақ», «Сарыарқа», «Айқап», «Шолпан» сынды газет-журналдардың ел арасында қоғамдық пікірді мыңдаған оқырманға жеткізу барысында айрықша маңыздылыққа ие болғаны шындық. Ол туралы «Алаш көсемсөзі: дін мәселесі» атты кітапта:«ХХ ғасырдың басында Қазақ елінің өркендеуі жолында діннің алатын орны туралы Алаш зиялыларының арасында екі жақты көзқарас қалыптасты. «Айқап» журналында: «егер, қазақ мемлекеті құрылатын болса, Ислам дінінің заңдылықтарына, яғни, «шариғатқа» негізделу керек» деген пікір басымдық танытса, «Қазақ» газетін шығарушылар қазақ мемлекетін Европалық жүйемен басқару керек деген пікірде болды. Сөйте тұра, олар ата дініміз исламды, салт-дәстүрді халықтың маңызды рухани құндылығы ретінде көздің қарашығындай сақтауды ұстанған. Осы екі идея халық арасында қоғамдық пікір тудырды. Бұл мәселе – бүгінгі күні де өзекті», – деп жазған болатын. Алаш зиялыларының көздеген мақсаттарының ең өзектісі қазақ баласына, еліне жанашырлық таныту, ұлттың еркіндігі мен азаттығын алу, діні, тілі, мәдениетін сақтау екендігіне шүбә келтірмегеніміз жөн.
Алаш қозғалысының өрістеуінде Ислам дінінің орнын айрықша атап өткен дұрыс. Оған үш түрлі себеп бар: біріншіден, алаш зиялыларының имандылығы, екіншіден, мұсылманша тәрбие көріп, білім алуы, үшіншіден, ұлтқа деген шынайы жанашырлығы.
Пікір қалдыру