АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМЫ

Алаш зиялылары өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясын құру болды. Олар бұл мақсат жолында ұлан байтақ жерімен бірге сақтап, қазақ ұлтының жойылып кетпеуін, елдің азаттығын, тілін, дінін, салт дәстүрін сақтау үшін өздерін құрбан етуге дайын тұрды.

Алашорда үкіметін құру Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған зиялы тұлғалар Алаш партиясын негізін қалап, Әлихан Бөкейхан төраға болып сайланды.

Алаш зиялылырының барлығының білімі, ұстанымы, қазақ ұлтының салт-дәстүрі,дінімен ұштасып жатты. Сол кезде діни білім беріп жүрген дін қайраткерлері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қарашұлы ұлттың рухани бай болуын, діні мен тілінің жойылмай, ата-дәстүрін сақтау арқылы дамуын ең басты орынға қойды.

Осы күнде дінге қатысты біраз шиеленістер мен дау-дамайлар белең алып бара жатқаны жасырын емес. Оның басты себебі, әлемдік діндердің өзара тармақтарға бөлініп, өзгеше ағымдардың пайда болуы. Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен иман керек. Абай Құнанбаевтың: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деуі тектен тек емес. Қожа Ахмет Иасауи бабамыз да: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады», – деп, иманды алғашқы орынға қояды. Иманы, ары, адамгершілігі бар адам ешқашан да опасыздық жасамақ емес. Отанды сүю шынайы иманнан көрініс табады. Имансыз адам Отанның қадір-қасиетін де, маңызын да білмей өтеді.

Ислам діні ең алғаш Қарахан мемлекеті мемлекеттік дін деп жариялағаннан кейін қазақ даласында тарай бастады. Қызыл империя салған 70 жылдық зобалаңнан кейін, атеистік көзқарастардан бізді дін мен дәстүрдің сабақтастығы алып шықты. Әсіресе, қазақ елі үшін салт-сана, тіл мен дінді насихаттауда алаш зиялыларының ықпалы зор болды. Қылышынан қан тамған Ресейдің саясаты жүріп тұрған заманда дәл сондай азаматтардың болуы қажет еді. Бүтін бір елді боданына айналды­руды көздеген отаршыл үкімет халқымыздың дәстүрлі діні мен мәдениетіне ауыз сала бастады. Қазақ даласында және Түркістан өлкесінде миссионерлік жолды басты қару етіп, шоқындыру, орыстандыру әрекеттерін жүзеге асыруды көздеген-ді. Олар мұ­сыл­мандық мектептерді, медреселерді жауып, орнына аралас қазақ-орыс мектептерін ашуға үлкен күш салды.

Қазақ қанша мұсылмандықты ұс­танса да, атеистік көзқараста болса да дәстүрін ұмытпаған. Дәстүр мен діннің біте қайнасып, қатар жүретінін уақыт әлдеқашан дәлелдеп қойған. Белгілі дінтанушылардың өзі «дін – кеңес үкіметі тұсында дәстүрдің сақ­талып қалуының арқасында жойылып кетуден аман қалды» деген тұжырымдаманы алға тартады. Сол сияқты, Алаш зиялыларының көптеген еңбектері ағартушылыққа бағытталды. Діни бағытта болсын, ғылыми бағытта болсын қазақ азаматтарының сауатты болып шығуы аса қажет еді. Оған себеп, Ресейдің орыстандыру мен христиандандыру саясаты болғанын жоғарыда тілге тиек еттік. Тілі мен дінінен айырылған халықтың тарих сахнасында аты өшпей қалуы мүмкін емес-ті. Дәл осы себеп үшін де зиялы қауым өкілдері барынша күресіп бақты. Сол кезеңдердің жаршысы саналған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты», «Қазақ», «Сарыарқа», «Айқап», «Шолпан» сынды газет-журналдардың ел ара­сында қоғамдық пікірді мыңдаған оқырманға жеткізу барысында айрықша маңыз­дылыққа ие болғаны шындық. Ол туралы «Алаш көсемсөзі: дін мәсе­лесі» атты кітапта:«ХХ ғасырдың басында Қазақ елінің өркендеуі жолында діннің алатын орны туралы Алаш зиялыларының арасында екі жақты көзқарас қалып­тасты. «Айқап» журналында: «егер, қазақ мемлекеті құрылатын болса, Ислам дінінің заңдылықтарына, яғни, «шариғатқа» негізделу керек» деген пікір басымдық танытса, «Қа­зақ» газетін шығарушылар қазақ мемлекетін Европалық жүйемен бас­­қару керек деген пікірде болды. Сөй­те тұра, олар ата дініміз исламды, салт-дәстүрді халықтың маңыз­ды рухани құндылығы ретінде көздің қара­шығындай сақтауды ұстанған. Осы екі идея халық арасында қоғамдық пікір тудырды. Бұл мәселе – бүгінгі күні де өзекті», – деп жазған болатын. Алаш зиялыларының көздеген мақсаттарының ең өзектісі қазақ баласына, еліне жан­ашыр­лық таныту, ұлттың еркіндігі мен азаттығын алу, діні, тілі, мәдениетін сақ­тау екендігіне шүбә келтірмегеніміз жөн.
Алаш қозғалысының өрістеуінде Ис­лам дінінің орнын айрықша атап өт­кен дұрыс. Оған үш түрлі себеп бар: біріншіден, алаш зиялыларының иман­дылығы, екіншіден, мұсылманша тәр­бие көріп, білім алуы, үшіншіден, ұлтқа деген шынайы жанашырлығы.