Бүгін “Абай Құнанбайұлы” орталық мешітінде бас имам Асқар Әбітайұлының төрағалығымен Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбековпен кездесу өтті. Жиынға Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев пен өңір имамдары қатысты.
Абай облысындағы діни ахуалмен танысқан Шалқар Заманбекұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген жылдық жоспармен хабардар болып, барлық бастамаларға қолдау білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар, кездесуде имамдар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Мысалы, медресе құрылысы, дін қызметкерлеріне жер беру, баспана үлестіру сынды мәселелер қозғалды.
Жиын соңында Абай облысы әкімінің орынбасары жыл бойы белсенділік танытқан дін қызметкерлеріне ризашылығын білідіріп, алғыс хатпен марапаттады. Дін жолындағы қызметінде білімі мен біліктілігі үйлесім тапқан мамандар – өңірлік “Зекет және қайырымдылық” қорының жетекшісі Рашид Жамалбекұлы, “Қос мұнаралы” мешітінің бас имамы Біржан Аманжолұлы, Бесқарағай ауданының бас имамы Серікжан Аманұлы, Курчатов қалалық мешітінің бас имамы Нұржан Медеуханұлы.
“Абай облысындағы дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді ілгерілетуге, діни қызметкерлердің абыройы мен беделін арттыруға және мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтуға қосқан елеулі еңбектеріңіз үшін сіздерге алғысым мен ризашылығымды білдіремін” – деді сөзінде Шалқар Байбеков.
Сондақ-ақ, кездесуде мүфтият тарапынан Семей қалалық дін қызметкерлеріне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хаты берілді. Діни басқарма тарапынан марапатталған мамандар – “Абай Құнанбайұлы” мешітінің наиб имамы Рашид Тұрсынханов, “Хакім Хазірет” мешітінің бас имамы Ғалымбек Әзімбайұлы, өңірлік “Халал Даму” орталығының жетекшісі Айдын Жүнісбекұлы.
Пікір қалдыру