АДАМ МЕН АДАМДЫ ТЕҢЕСТІРЕТІН – БІЛІМ

Құрметті мектеп оқушылары мен студенттер, мұғалімдер мен білім саласының қызметкерлері, медресе-колледж ұстаздары мен шәкірттер сіздерді 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Асыл дінімізде білім алудың маңызы ерекше. Өйткені білім – амалдың негізі, мінездің басшысы және түзетуші құралы. Амалсыз білімнің пайдасы болмайтыны секілді, білімсіз амалдың да еш пайдасы болмайды. Білім мен амал – бірін-бірі толықтырушы, бір-бірінен ажыратуға болмайтын егіз ұғым.

Кез-келген адам құлшылықтарын немесе айналадағы кісілермен қарым-қатынасын түзеткісі келсе, ең алдымен білімді алудан бастауы керек. Содан кейін көркем мінезін қалыптастыратын, нәпсіні түзейтін түрлі білім саласын меңгергені абзал. Алла Тағала білім алудың маңызы туралы қасиетті Құранда бірнеше жерде баяндаған. Қасиетті кітабымызда: «Пенделерінің арасында Алладан қорқатындары – ғұламалар» («Фатыр» сүресі, 28-аят) делінген.

Демек білім пендені тақуалыққа тәрбиелейді, амалын түзетеді. Өйткені адам баласы білім алған сайын Алланы тани түседі. Ал Алланы таныған адам тақуалық жолды таңдайды. Құдайдың құдіретін білгендіктен, Оны мойындағандықтан, күпірлікке бармайды. Асылында адам баласының жамандыққа жол беруі, яғни күнәлі іске бой алдыруы – білімсіздіктен. Білімді адам мен білімсіз адамның арасында үлкен айырмашылық болады. Сол үшін Хақ Тағала: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ала ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) деген.

Білім үйрену пенденің дәрежесін көтереді. Хикмет білім арқылы келеді. Дана адам кез-келген мәселені, яғни басына түскен сынақты білімі арқылы сабырмен, көркем мінезбен шешеді. Білімді адам асығыс шешім қабылдамайды. Өйткені мәселенің себебі мен салдарын жан-жақты қарап, оған терең бойлап, оңтайлы шешім қабылдайды. Даналық ойдың негізінде қабылданған шешім өзгенің көңіліне қаяу түсіріп алмауға көмектеседі. Раббымыз білім иесінің дәрежесін көтеретіні туралы Құранда былай баяндаған: «Алла сендердің араларыңнан иман келтіргендер мен білім иелерін жоғары дәрежелерге көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят).

Адамзат баласы жер бетінде пайда болған дәуірден бері оның ақыл-ойы, сана-сезімі, бүкіл болмысы білім алуға бейімделе бастаған. Ізденіс, зерттеу, әр іске ой жүгірту – адам табиғатында әу бастан көрініс тапқан құбылыстар. Өйткені Алла Тағала адамға ерекше сана берген. Білім алу – мәңгі бақи күн тәртібінен түспейтін мәселе. Неге? Білімді озған, білімсіз тозған заман. Бұл аксиоманы өмірдің өзі дәлелдеумен келеді. Алла Тағала білімді жастарымыздың санын арттырып, еліне, жеріне аянбай қызмет ететін жас өрендерімізге жар болғай! Қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық бергей!

 

Асқар ӘБІТАЙҰЛЫ 

Абай облысының бас имамы