Әз-Наурыз мейрамы бүкіл еліміз асыға күтетін, ұлтымыздың ерекшеліктерін айқындайтын айтулы күн. Күн мен түн теңеліп, самарқаның көк тасы еріген шақта барша халық осы мейрамды ерекше атап өтеді. Ежелгі заманнан бері бұл күн көшпелі уақыттың басталуы, Яғни, қатал қыс аяқталып, табиғатта жаңа өмір пайда болатын кезең.
Ұлыстың ұлы күні Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіт аумағында да ерекше тойланды. Жиналған қауымға қол күресі, гір тасын көтеру және арқан тартыс сынды ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар жүлделі сыйлықтармен марапатталды.
Жарыс басталмай тұрып ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашып, ізгі тілектерін білдірді. Игі шараға Абай облысы бойынша бас имам Асқар Әбітайұлы да қатысты.
Жалпы ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен мұра. Өткен күн мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлық әрі асыл қазына. Ұлттық ойынды күнделікті өмірде пайдаланудың пайдасы орасан зор. Ойын адамның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өмірімен жалғаса береді. Сан ғасырлар өтсе де адамзат баласына ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы болып қала береді.Қазақтың ұлттық ойындары өскелең ұрпаққа өз елінің мәдени мұрасын түсініп оны бағалауды үйретеді.
Пікір қалдыру