АБАЙ ОБЛЫСЫ МЕШІТТЕРІ НАУРЫЗДЫ АУҚЫМДЫ ТҮРДЕ АТАП ӨТТІ

Абай облысы мешіттері Әз-Наурыз мерекесін шариғи талаптарды сақтай отыра ауқымды түрде атап өтті. Барлық дерлік мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, жұма намазынан шыққан жамағаттардың арасында арқан тарту, қол күресі, гір көтеру, балалар күресі, ләңгі тебу, садақ ату сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, дәстүріміз дәріптелді.

Жамағат ауыздары берік болғанына қарамастан, спорттық сайыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындарды иеленді.

Ал, кешкі Тарауық намазынан кейін тағы да намазға келген жамағатқа ұлттық тағамымыз Наурыз көже таратылып, мерекелік көңіл-күйді сезінуге мүмкіндік туғызды.

Осылайша, биылғы жылы төл мерекеміз Әз-Наурыз Рамазан айымен тұспа-тұс келсе де, Абай облысы мешіттері ұлттық мейрамымызды белсенді түрде атап өтті.