АБАЙ ОБЛЫСЫНДА «ІШІМДІКСІЗ РАМАЗАН» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Қоғамда орын алып жатқан түрлі қылмыстар мен келеңсіз оқиғалардың көршілігінің себебі – ішімдік екені белгілі. Ал, Рамазан айы – жүрек көзі ашылып, жын-шайтандар кісенделетін, мейірімділік қанат жайып, береке төгілетін ай. Сол себепті, осындай қасиетті айда әр адам айналасына игілік нұрын шашып, түрлі жамандықтардың алдын алуға үлес қосқаны жөн болады.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен Абай облыстық мешіттері «Ішімдіксіз Рамазан» акциясын өткізді. Игі шара барасында Семей қаласы және Абай облысына қарасты аудандық, ауылдық мешіт қызметкерлері жергілікті дүкендерге насихат жұмыстарын жүргізіп, осынау қасиетті айда ішімдік сатпауға шақырды.

Өз кезегінде кәсіпкерлер де аталмыш бастаманы жылы қабылдап, өз тараптарынан қажетті қолдауларын көрсетті. Еске сала кетейік, былтырғы 2023 жылы Абай облысы, Көкпекті ауданы, Ажа ауылы ішімдіктен толықтай бас тартып, ауылда мүлдем ішімдік атаулы сатылмайтын болып еді. Алдағы уақытта да осындай игі бастама жалғасын табуын тілейміз.