АБАЙ ОБЛЫСЫНДА РАМАЗАН АЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖАЙЛЫ БАСПАСӨЗ МАСЛИХАТЫ ӨТТІ

Қасиетті Рамазан айының басталуына санаулы күн қалды. Қазір Абай облысында дайындық қызу. Халықты ақпараттандыру жұмыстары да белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Абай облысының имамдары азық-түлік дүкендерінің иелеріне үндеу жасады. Олардан Қасиетті Рамазан айында алкогольді сусындарды сатпауды сұрады. Бұл туралы ҚМДБ Абай облысы бойынша бас имамы Асқар Әбітайұлы Мұқанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында  айтты. Бас имамның сөзінше Рамазан айы әрбір адам үшін кешірім һәм мүмкіндік айы. Яғни дәл осы айда кез-келген адам жақсы жаққа ұмтылып, жаман әдет пен зиянды заттардан арылып өміріне оң өзгеріс әкеле алады. Дегенмен, бұл үшін қоғам болып игі іс жасауға ұмтылу керек- дейді. Сонымен қатар жиын кезінде Абай облысы бойынша мешіттердің Рамазан айына дайындығы жайлы айтылды. Жалпы Рамазан айында облыс көлемінде 70-ке жуық шара ұйымдастырылмақ. Брифинг барысында пітір садақа мәселесі көтерілді. Қазір бидайдың өзі емес, оның өнімдері кең қолданылады. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның бағасын ұнмен есептеуді негізге алған.Нәтижесінде пітір садақа мөлшері 640 теңге болды. Биылғы жыл «Дін және дәстүр» жылы болып бекітілгені белгілі. Осы орайда қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттау жоспарланып отыр. Оның ішінде «жарапазан» айтудан эстафета өтеді. Биыл 22 наурыз күні өтетін Әз Наурыз мейрамы Рамазан айында өтеді. Осыған байланысты қаладағы бірқатар мешіттердің алдына қазақ үйлер тігіледі. Брифинг соңында Абай облысы бойынша бас имам Асқар Мұқанов ауызашар кезіндегі дастархан жаюда ысырапшылдыққа жол бермеу қажет екенін айтты. Дастарханды барынша қарапайым етіп, әрі табиғи адам ағзасына пайдалы өнімдерді қойған абзалырақ екенін жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, қасиетті Рамазан айы наурыздың 10-нан 11-не қараған түні кіреді.