ҒҰСЫЛ МӘСЕЛЕСІ. ЕР АДАМДАРҒА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚ.

     Ғұсыл алып болған соң сұйықтық келсе қайта ғұсыл алу қажет пе?

Ғұсыл міндетті болу үшін мәни, яғни, жыныстық қатынас кезінде бөлінетін сұйықтық жыныс мүшесінен шәһуатпен және ытқып шығуы керек. Ал, мәни бөлінген уақытта шәһуат болмаса, ғұсыл міндетті болмайды. Мысалы, ауыр зат көтергенде немесе белінен соққы алғанда шәһуатсыз мәни бөлінетін болса, ғұсыл алу міндетті емес.

Бұл мәселенің тереңіне кірер болсақ, Имам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед шәһуаттың мәни жыныс мүшесінен шыққан уақытта да жалғасуын шарт етпеген. Тек сұйықтық белден бөлінген уақытта шәһуат болса ғұсылды міндетті ету үшін жеткілікті деп есептеген. Ал, Имам Әбу Юсуф ғұсыл міндет болу үшін мәни белден бөлінгеннен бастап, жыныс мүшесінен шыққанға дейін шәһуат жалғасып тұруы шарт деп есептейді. Бұл ер адамға да, әйел адамға да қатысты. Себебі, Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Әйел адам түсінде жыныстық қатынас жасағанын көрсе, ғұсыл құйынуы міндетті ме?» – деп сұралады. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Егер сұйықтық көрсе, ғұсыл алуы керек», – деп жауап берген[1].

Имам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед және Имам Әбу Иусуф арасындағы жоғарыда айтылған пікір қайшылығы мынадай мәселелердің үкіміне өз әсерін тигізеді:

         1) Егер, адам шәһуатпен мәни бөлініп жатқан кезде жыныс мүшесінен мәниді шығармай ұстап қалып, шәһуаты басылған соң жібере салса, Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша ғұсыл алуы міндетті болады. Ал, Әбу Иусуфтың көзқарасы бойынша ғұсыл құйынуға міндетті емес. Кісі бөтен біреудің үйінде қонақта болған жағдайда, басқалардың жаман ойлануынан сақтану үшін Әбу Иусуфтың көзқарасы бойынша пәтуа беріледі.

         2) Сондай-ақ, адам жүніп болған соң бірден ғұсыл құйынса, сосын намаз оқыса, намаз оқып болған соң зәр жолында қалып қойған мәни шықса, Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша қайта ғұсыл құйынуы керек. Ал, Әбу Иусуфтың көзқарасы бойынша ғұсыл құйынуға міндетті емес. Қандай жағдайда да алдыңғы оқыған намазы дұрыс болып саналады.

         Егер, жүніп болған соң дәретке отырып, жыныс мүшесі қалыпты жағдайға түссе немесе бір ұйықтап тұрып немесе біраз жүріп келгеннен кейін ғұсыл құйынғаннан соң барып мәни қайта шығатын болса, үш имамның пікірі бойынша да қайтадан ғұсыл құйыну міндетті емес[2].

  Қуаныш Файзоллаұлы, Абай облысы бойынша шариғат және пәтуа бөліміне жауапты маман

[1] Сахих Бұхари, 1/108; Сахих Муслим, 1/251.

[2] Хашияту Тахтауи алә Мәрақил фәләх шарху Нурил идах, 96-97 бб.