Алла Тағала туған-туысқандарға қарайласып, қол ұшын созып көмек беруді бұйырған. Құран Кәрімде былай делінген:
وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا ۖ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَن كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا
«Бір Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Сондай-ақ жақын туыстарыңа, жетімдерге, кедей-кепшікке, жақын көршілеріңе, алыс көршілеріңе, (сапарлас немесе жақын) жолдастарыңа, (елінен жырақта жүрген) мұқтаж жолаушыға және қоластыларыңдағы құлдарың мен күңдеріңе жақсылық жасаңдар. Шүбәсіз, өзін әлдеқандай көретін мақтаншақты Алла жақсы көрмейді»[1].
Келесі бір аятта Жаратушы Иеміз былай бұйырған:
وَآتِ ذَا الْقُرْبَىٰ حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلَا تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا
«Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал-дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма»[2].
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман адам алдымен ең жақынынан бастап туысқандарына көмек көрсетуге міндетті екендігін айтқан.
Әбу Дәуідтің «Сунән» кітабында Куләйб ибн Мәнфағадан (р.а.) жеткен риуаятта былай баяндалады:
عَنْ كُلَيْبِ بْنِ مَنْفَعَةَ أنَّه أتَى النَّبيَّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ فقال: يا رسولَ اللهِ صلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ، مَن أبَرُّ؟ قال أُمَّك، وأباك، وأُختَك، وأخاك، ومَوْلاك الذي يلي ذاك، حقٌّ واجبٌ، ورحِمٌ مَوصولةٌ.
Куләйб ибн Мәнфәға (р.а.) Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп «Уа, Алланың елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Анаңа, әкеңе, аға-бауырларыңа, әпке-қарындастарыңа, осы аталғандардан кейін келетін жақындарыңа. Бұл атқарылуға тиісті міндет. Бұл кісілер жақсы қарым-қатынаста болуға міндетті жақын адамдар», – деп жауап береді[3].
Сол себепті, ер адам қаны бір туысқандарын мұқтаж кездерінде жақындық реттілігіне қарай нәпақамен қамтамасыз етуге міндетті[4].
Қуаныш Файзоллаұлы, Абай облысы бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] «Ниса» сүресі, 36-аят.
[2] «Исра» сүресі, 26-аят
[3] Әбу Дәуід, Сунән, №5140.
[4] Сарахси, Мәбсут, 5/208.
Пікір қалдыру