СИҚЫРМЕН АЙНАЛЫСУҒА БОЛА МА?

«Сиқыр» сөзі қазақ тіліне арабтың «اَلسِّحْرُ» сөзінен енген. Бұл сөздің араб тіліндегі тілдік мағынасы «бағытын өзгерту, бұрып жіберу, ұзақтату» деген секілді мағыналарды білдіреді.

Ал, терминдік мағынасына келсек, «Себебі жасырын, болмысы өзгертілген, қолдың икемділігі мен көз бояушылық, алдау араласқан істер, жалған нәрсені ақиқат секілді көрсету, жын-шайтанмен байланыс орнату арқылы олардың көмегіне жүгіну», – деген секілді анықтамалар берілген[1].

Құран Кәрімде сиқыр жайлы бірнеше аяттарда айтылған.

وَاتَّبَعُواْ مَا تَتْلُواْ الشَّيَاطِينُ عَلَى مُلْكِ سُلَيْمَانَ وَمَا كَفَرَ سُلَيْمَانُ وَلَكِنَّ الشَّيَاطِينَ كَفَرُواْ يُعَلِّمُونَ النَّاسَ السِّحْرَ

«Олар Сүлейменнің патшалығына қарсы шыққан шайтандардың сөзіне ерді. Негізі Сүлеймен күпірлік еткен жоқ, керісінше, адамдарға сиқырды үйреткен шайтандар (және соны үйренген адамдар)[2] күпірлік етті»[3].

Бұл аяттан сиқырдың шайтандардан бастау алғандығын және сиқырмен айналысушылардың күпірлікке түсетіндігін ұғынамыз. Сондай-ақ, Ағраф сүресінің 116-аятында Мұса пайғамбар (ғ.с.) мен Перғауынның сиқыршыларының арасындағы тартысты былай баяндайды:

قَالَ أَلْقُواْ فَلَمَّا أَلْقَوْا سَحَرُواْ أَعْيُنَ النَّاسِ وَاسْتَرْهَبُوهُمْ وَجَاؤُوا بِسِحْرٍ عَظِيمٍ

 

«Мұса оларға: «Алдымен сендер лақтырыңдар», – деді. Сол кезде сиқыршылар қолдарындағы сиқыр құралдарын жерге тастап жіберіп, ел-жұрттың көзін байлап һәм зәре-құтын ұшырып, ғаламат сиқыр көрсетті»[4].

Келесі бір аятта былай делінген:

قَالَ بَلْ أَلْقُوا فَإِذَا حِبَالُهُمْ وَعِصِيُّهُمْ يُخَيَّلُ إِلَيْهِ مِن سِحْرِهِمْ أَنَّهَا تَسْعَى

«Мұса оларға: «Жоқ, алдымен сендер лақтырыңдар», – деді. Сол-ақ екен, олардың арқандары мен таяқтары сиқырларының күшімен Мұсаға, шынымен де, ирелеңдеп бара жатқандай болып көрінді»[5].

Бұл аяттардан сиқыршылардың қарапайым адамдардың көздерін байлап, оларға заттардың шынайы болмыстарын өзгертіп көрсететіндігін ұғынамыз. Алайда, кез келген сиқыр Алланың шын ақиқатының алдында дәрменсіз болып қалады. Сиқыршылардың өздері де мұны жақсы түсінеді. Ол туралы жоғарыдағы аяттардың жалғасында былай баяндалады:

فَأَوْجَسَ فِي نَفْسِهِ خِيفَةً مُّوسَى. قُلْنَا لا تَخَفْ إِنَّكَ أَنتَ الأَعْلَى. وَأَلْقِ مَا فِي يَمِينِكَ تَلْقَفْ مَا صَنَعُوا إِنَّمَا صَنَعُوا كَيْدُ سَاحِرٍ وَلا يُفْلِحُ السَّاحِرُ حَيْثُ أَتَى. فَأُلْقِيَ السَّحَرَةُ سُجَّدًا قَالُوا آمَنَّا بِرَبِّ هَارُونَ وَمُوسَى.

«Сол кезде Мұса іштей қобалжып, көңілінде біртүрлі үрей пайда болды. Сонда Біз оған: «Қорықпа! Шүбәсіз, сен бәрінен де үстем түсесің, соңында бәрін жеңіп шығасың», – деп дем бердік те, «(Уа, Мұса! Сен де) оң қолыңдағы асатаяғыңды лақтыр, олардың жасаған сиқырларын түгелдей жалмап, жұтып қойсын. Өйткені олардың жасағандары сиқыршының көз байлаған қулығы ғана. Сиқыршы қайда барса да, қандай сиқыр жасаса да, бәрібір мақсат-мұратына жетпейді», – деп айттық. (Мұса айтқанымыздың бәрін бұлжытпай орындады). Нәтижеде сиқыршылардың бәрі: «Біз Мұса мен Һарунның Раббысына иман келтірдік», – деген бойда жаппай сәждеге жығылды»[6].

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде

 اجتنبوا السبع الموبقات ، قالوا : يا رسول الله ، وما هنّ ؟ قال : الشرك بالله ، والسحر ، وقتل النفس التي حرّم الله إلا بالحق ، وأكل الربا ، وأكل مال اليتيم ، والتولي يوم الزحف ، وقذف المحصنات الغافلات المؤمنات ) رواه البخاري ( 2766 )، ومسلم (89).

«Құрдымға кетіруші жеті нәрседен аулақ жүріңдер», – дейді. Сахабалар «Уа, Алланың елшісі! Олар қандай нәрселер?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз «Аллаға ортақ қосу, сиқыр, Алла Тағала арам еткен жазықсыз жанды өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу және иманды, арлы әйелге жазықсыз зина жаласын жабу», – деген екен[7].

Осы аят-хадистерге сүйенген ғалымдарымыз сиқырдың шариғатымыздағы үкіміне қатысты бірауызды пікір білдірген. Ханафи мазһабының белді ғұламасы Ибн Абидин «Ғалымдардың арасында сиқырдың харам екендігіне қатысты ешқандай талас жоқ. Ал, сиқырмен айналысуды мубах (рұқсат) санау күпірлік болады. Ханафи ғұламалары, Мәлики және Ханбали мазһабы бойынша сиқыршы сиқырды үйренуі және оны іске асыруы арқылы күпірлікке түседі. Оның харам екендігіне сеніп-сенбеуі мәселені өзгертпейді. Оның харамдығы жайлы нақты хадис бар. Сиқырдың жазасы өлім. Ал, Шафиғи мазһабының көзқарасы бойынша сиқырмен айналысу мубах (рұқсат) деп сенбейінше күпірлікке де түспейді, өлімге де кесілмейді», – дейді[8].

[1] https://www.almaany.com/ar/dict/ar-ar/%D8%B3%D8%AD%D8%B1/

[2] Матуриди, Тәуиләту Әһли суннә, 1/522.

[3] Бақара сүресі, 102-аят.

[4] Ағраф сүресі, 116-аят.

[5] Таһа сүресі, 66-аят.

[6] Таһа сүресі, 67-70-аяттар.

[7] Бұхари, №2766; Муслим, №89.

[8] Хашияту Ибн Абидин, 4/426.