АБАЙ ОБЛЫСЫНАН СУ БАСҚАН АЙМАҚТАРҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК АТТАНДЫ

Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлының бастамасымен, Абай облыстық Зекет және қайырымдылық қоры және Семей қалалық Газельдер клубының ұйымдастырумен, қаламыздың белсенді, жанашыр азаматтарының, кәсіпкерлердің, жалпы Семей халқының мұсылман жамағатының қолдауымен еліміздің су тасқынынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек аттанды.

Тұрмысқа қажетті заттар, азық-түліктер, суға қажетті киімдер және үрленбелі қайықтар, барлығы 30 тонна жүк тиелген 10 газель көлігі Зекет және қайырымдылық қорының Абай облыстық филиалының жетекшісі Рашид Жамалбекұлының бастауымен Ақтөбе облысына жолға шықты. Сондай-ақ, қажетті құрал-саймандар мен қайықтар сатып алуға жұмсалған қаражаттан қалған 1 миллион теңге қаржыны да аталмыш өңірдің халқына табыстайтын болады.

Жолға шығар алдында қайырымдылық керуеніне Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы сәттілік тілеп, мешіт ақсақалы Мәулітжан атамыз ақ батасын беріп шығарып салды.

Қайырымдылық жаршылары аман-есен діттеген жетуіне тілектеспіз! Ел басына келіп жатқан осы бір қиыншылықтардан халық болып амандықпен шығуды нәсіп етсін!