ЖЕРІК ПЕН КӨКСІК

Әйел адам жүкті болғаннан кейін оның құрсағындағы бөбегі суретке айналғаннан бастап ана денесіндегі дәрумендермен, қажетті қоректік заттармен қоректене бастайды. Кей ананың денесіндегі керекті дәрумен іштегі баланың өсіп-жетілуіне, азықтанып-ауқаттануына жетіспеуі мүмкін. Сондай жағда        йда құрсақтағы сәби анасының бойынан таба алмаған азығын сырттан іздей бастайды. Мұны баланың көксігі атайды. Осы кезде анасы да баласының қажеттілігіне жарайтын асқа аңсары ауады. Мұны әйел адамның жерік болуы деп айтамыз. Демек, ананың белгілі бір астарға жерік болуының бастауы – іштегі баланың талабына сәйкес деген қорытынды шығады. Мұны қазақ «Ананың жерігі – іштегі баланың көксігі», – деп атайды.

Қазақ халқының ұғымында жерік асы – тума мінезді қалыптастыратын ең негізгі фактордың бірі. Адамның «сүтпен сіңіп, сүйекпен» кететін дара табиғатын тасқа таңба басқандай танытатын, мінез бен сырды сипаттайтын, адамның қасиетін қалыптастыратын аса көрнекті астың бірі саналады.

Осы тұста қазақ халқының аяғаы ауыр әйелдің жерік асын қайдан болса да тауып беруге тырысуы, әйелдің жеріктігін мойындап, қабылдауы – мұны физиологиялық деңгейдегі дүние ретінде ғана қарастырмағандығын, мұның астарында рухани сыр бар деп ұғынғандығын көрсетеді. Әсілінде, ананың жерік болуының негізі баланың көксігіне, қалауына байланысты екендігін түсініп, баламен құрсақтағы кезінен бастап санасып, оның ішкі қалауының болуының заңды нәрсе екендігін, оның мына дүниедегі небір түрлі нығметтерге лайықты екендігін іште жатқан кезінен-ақ мойындағандығын көрсетеді.

Ана әр баласына жүкіт кезінде түрлі тағамға жерік болуы мүмкін. Бұл жеріктік – тек ана мен баланың физиологиясы ғана емес, түп-тамыры терең тылсымда жатқан дүние екендігін білдіреді. Психологиялық тұрғыда құрсақтағы шарана анасының жерігі арқылы жарық дүниемен байланыс орнатудың алғашқы қадамын басады. Ата-ана баланың тәні мен организмін ғана қалыптастыратынын, ал, оның рухы Алла Тағала тарапынан берілетін өз алдына жеке дара дүние екендігін ескерсек, жерік пен көксікті адамның рухы, қалауы мен өміршеңдігі, өзін жақсы нығметтерге лайықты сезіне алуы сияқты болмыстық қабілеттерінің бастауы деп айтуға болады.

Материал «Қазақтың жазылмаған психологиясы» кітабы негізінде дайындалды.