Елорда төрінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен Төралқа мәжілісі өтті. Жиынға ҚМДБ Орталық аппарат қызметкерлері, облыстардың бас имамдары, Ғұламалар, Сарапшылар, Ақсақалдар кеңесі мен РАНТ мүшелері, Діни оқу орындарының басшылары мен ұстаздары қатысты.
Басқосуда ҚМДБ Төрағасы дін қызметкерлеріне жыл сайынғы дәстүрлі Бағдарлық баяндамасын жолдады.
«Жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген қасиеттерді жаңғырту үшін 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Алла қаласа, осы жыл аясында бірнеше іс-шараларды жүзеге асырамыз», – деді Бас мүфти.
Сондай-ақ, биылғы жылы Діни басқарма қызметінде негізгі 4 бағытқа басымдық берілетін болады. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы
«Өздеріңізге мәлім, мүфтият жыл сайын жұмыстарды жүйелеу үшін қоғам талабына сәйкес басымдық беретін бағыттарды айқындап келеді. «Дін мен дәстүр», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту», «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары қашан да діни қызмет пен қоғам үшін аса маңызды деп есептеймін. Биыл осы төрт бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беру қажет деген ұйғарымға келдік. Аталған бағыттар бойынша жыл бойы атқарылатын жұмыстарды сапалы, тиянақты және жоспарға сәйкес жүзеге асыру қажет», – деп атап өтті.
Төралқа мәжілісінде 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы «Айтулы іс-шаралар» жоспары бойынша атқарылатын жұмыстар және мүфтияттың 35 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асатын жобалар легімен таныстырса, төрт бағытқа жауапты бөлім меңгерушілері жыл бойы атқарылатын ауқымды іс-шаралардың жоспарын баяндап берді. Одан бөлек, Цифрлық даму бөлімі мен «Уақып» қорының жұмыс жоспары тыңдалып, Мешіт істері бөлімі жаңадан ашылатын мешіттерге берілетін атауларды Төралқаға ұсынды.
Жиын соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәжіліс соңында 2024 жылы жемісті жұмыс атқарғаны үшін облыс бас имамдары мен Діни басқармаға қарасты оқу орындарының басшыларын алғыс хатпен марапаттады.
Абай облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру