АБАЙ ОБЛЫСЫ: БАС ИМАМ РАМАЗАН АЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ЖАЙЛЫ БАСПАСӨЗ МАСЛИХАТЫНА ҚАТЫСТЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Абай облысы бойынша Бас имамы Асқар Әбітайұлы Семей әкімшілік ақпарат орталығында тікелей эфирде өткен “Рамазан айына дайындық” тақырыбындағы пресс конференцияға қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастрыуымен Рамазан айы қарсаңында баспасөз маслихаты өтті. Баспасөз маслихатына Абай облысының Бас имамы Мұқанов Асқар Әбітайұлы қатысты.

Асқар қажы Әбітайұлы халықты келе жатқан Рамазан айымен құттықтап, биылғы Рамазан айы 19 ақпаннан бастау алып, 29 күн болатынын баяндап өтті. Қадір түні 16-нан 17-ші Наурызға қараған түні екенін және Пітір садақасының мөлшері еліміз бойынша 2 кг ұнның орташа бағасы негізінде 735 теңге болып бекітілгенін хабарлады.

Сонымен қатар осы қасиетті айға орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барлық мешіт үшін арнайы Рамазан жоспарын бекітті. Сол жоспар аясында Абай облысында да бірқатар қайырымдылық және рухани шара ұйымдастырылатынын атап өтті.

Жиын соңында журналисттер және көрермендер тарапынан оразаға қатысты қойылған бірқатар сұрақтарға тұщымды жауап беріп өтті.