ҚМДБ: ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІН АТТЕСТАТТАУДЫҢ ЖАҢА ЕРЕЖЕСІ ҚАБЫЛДАНДЫ (ФОТО)

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің кезекті мәжілісінде имам-молдаларды аттестаттаудан өткізудің жаңа Ережесі бекітілді.

ҚМДБ Діни істер, Діни білім және кадр дайындау бөлімдері бірігіп әзірлеген құжат «Діни қызметкерлерді аттестаттаудан өткізудің қағидалары мен шарттары» деп аталады. Жаңа Ереже ҚР Еңбек Кодексінің 233-бабына сәйкес әзірленді.

«Аттестаттаудың негізгі мақсаты – ҚМДБ діни қызметінің кадрлық құрамын қамтамасыз ету, имам-молдалардың білім сапасын көтеріп, функционалдық міндеттерін іске асыруда тұлғалық және кәсіби дайындығын арттыру, олардың үздіксіз білім алуға ынталандыру», – деп атап өтті ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің басшысы Бақтыбай Бейсенбаев.

Діни істер бөлімінің басшысы Камалжан Тұрдыбаев мәлім еткендей, аттестаттаудың негізгі принциптері – алқалық, ашықтық, жүйелілік, айқындық, объективтілік. Аттестаттау әрбір 3 жыл сайын өткізіледі.

Аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі критерийі – имам-молдалардың өзіне жүктелген міндеттер мен қызметтерді орындау қабілеттілігін айқындау.

Аттестаттау жүкті әйелдер мен бала күту демалысындағы қызметкерлерге (6 айдан соң) жүргізілмейді. Басқа барлық қызметкерлерге жүргізіледі.

Аттестаттау өтініштер негізінде көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін өткізіледі.

Айта кетсек, комиссия құрамына төраға және оның орынбасары, хатшы, заңгер, т.б. қызметкерлер енгізіледі. Комиссия мүшелері 5  адамнан кем болмайды.

Аттестаттау емтихан түрінде өткізіледі.

Дауыс беру нәтижесі комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен анықталады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші рөл атқарады.

Ғұламалар Кеңесі аталған Ереже мәтінін бірауыздан қолдап, бекітті.

 

ҚМДБ баспасөз қызметі

www.muftyat.kz