Жауап: Жалпы ғұламалардың кейбірі әйел үйдің жұмыстарын істеуі тиіс десе, кейбірі міндетті емес дейді. Дегенмен, Ханафи мәзһабы бойынша әйелдің діни тұрғыдан күйеуіне қызмет етуі – уәжіп[1]. Яғни үйді сыпыру, кір жуу, тамақ пісіру т.б. үйдің шаруасына қатысты жұмыстарды істеуі тиіс. Бұл ғасырлар бойы әдет-ғұрып бойынша қалыптасып келе жатқан әйелдің ері алдындағы міндеті[2]. Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әли мен Фатима анамыздың арасына төрелік етіп, түздегі істерді Әлиге тапсырып, үй ішіндегі қызметтерді Фатиманың атқарар шаруасы деп белгілегені дәлел болады[3].
Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және сахабалардың әйелдері де үйдің қызметін атқарған[4]. Айша анамыз: «Пайғамбарымыздың мисуагын, дәрет суын әзірлеп қоятынмын»[5] деген.
Әбу Бәкірдің қызы Әсмә да былай дейді: «Үй шаруасының бәрі менің мойнымда еді. Күйеуім Зубәйрдың атына жем беріп, өзім суғаратынмын»[6]. Осыған орай, әйел үйді сыпыру, тамақ пісіру, киім жуу секілді т.б. үйдің ішіндегі шаруаларды істеуі міндетті. Заманның қыз-келіншектері үй іші шаруаларында осы сахаба əйелдерді үлгі тұтып, оны құлшылықтарының бір бөлшегі ретінде қараған жөн. Бұл арқылы күйеуінің разылығына да жетеді.
[1] Әл-Бәдәйығу әс-санайығу фи тәртиби әш-шәрайығи, 4/192. Әл-Мәусуға әл-Фиқһия, 19/44.
[2] Мухаммад Абу Заһра, Әл-ахуалу әш-шахсия,166 б.
[3] Ибн Хажар, Фәтху әл-бәри, 9/507.
[4] Нәбил инб Кәмәлуддин Мухаммад Тахун. Әхкәму әл-усра фи әл-исләм, 240 б.
[5] Муслим риуаяты.
[6] Бұхари, 6/157.
Пікір қалдыру