Семинар-тренингке ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы мен Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы, сондай-ақ, спорт, психология және тұлғалық даму саласы бойынша спикерлер – Жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Рахымұлы, абайтанушы «Толық адам және 4 даму» жобасының авторы Ернат Мелсұлы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD докторант, исламтанушы Әбілқайыр Мәдиұлы, «Qsport» жобасының жетекшісі, спорт жаттықтырушы Жандос Абумуталифұлы мен психология ғылымдарының магистранты, жас психолог Ақторғын Даниярқызы қатысты.
Алдымен наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы жастық шақ пен жастардың Ислам дініндегі орны, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам өмірінің албырт кезеңіне қатысты хадистерін баяндап өтсе, абайтанушы Ернат Мелсұлы есті кісі және толық адам болуға талпынудың Абай мен Шәкәрім атап көрсеткен алғышарттарына тоқталды. Ал исламтанушы Әбілқайыр Мәдиұлы мұсылман жастардың қызметтік потенциалын көтеретін 12 қадамды жіктеп берсе, дзюдо бапкері Жандос Абумуталифұлы жастық шақтағы тән саулығын сақтап, физикалық мүмкіндіктерді дамытудың маңызын атап өтті.
«Жастық шақ – екі әлсіз кезеңнің ортасы» дейді ғұламалар. Бұл екеуі балалық шақ пен қарттық кезеңнің ортасы деген сөз. Дәл осы кезеңде адамның тәніне қатысты 5 қасиетін дамытуға болады. Одан кешіккен адам ары қарай дамытуы мүмкін емес. Бұлар: жылдамдық, иілгіштік, күш, ептілік пен төзімділік. Бес қасиеттің дамыта бастайтын және дамуы тоқтайтын уақыты әртүрлі. Мысалы 14 жасқа дейін баланың төзімділігін дамыту мүмкін емес. Сол үшін де марафон, кросс секілді алыс қашықтыққа жүгіруді 16-17 жасқа келгенде бастайды» дейді ол.
Бұдан кейін Жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Рахымұлы Исламдағы өзін-өзі дамытудың практикалық нұсқаулықтарына кеңінен тоқталса, жас психолог Ақторғын Даниярқызы күйзелістен құтылу мен мотивация алу жолдарына қатысты кеңестерін бөлісті.
Айта кетейік, семинар-тренингке ZOOM платформасында 200-ге жуық адам қатысты. Сонымен бірге МУФТИЯТ ҚМДБ Youtube каналы мен @muftiyatkz инстапарақшасында тікелей эфирден көрсетілді.
Пікір қалдыру