Әуретті жерлер жайлы

Әссәләмү ‘алейкум уә раһматуллаһи уә баракатуһ !
Ораза айы мүбәрак болсын, амин!
Жағдайым былай, бір қызды ұнатып онымен кездесе бастадым, бұрыннан 5 уақыт намазға ниетті еді, жақында бастаған, мен ақырндап оған әуретті жерлер жайлы айтқан едім, хиджаб мәселесі жайлы, ол келісті, және оны дұрыс деп санады, бірақ жақында маған әуретті жерлер жайлы сауалдар қоя бастады, білгенімше жауап бердім, бірақ шаш неге ауретке жатады дегенге нақты жауапты таба алмадым. Сізден өтініш, сол сұраққа жауап бере аласызба деген, және жалпы әуретті жерлер жайлы толығырақ мағұлматтар беруіңізді сұраймын. Назарыңызға рахмет, Алла разы болсын, амин!


Уағалейкумассалам!

Хижабты қазақша орамал деп те атайды. Хижаб пен орамалдың негізгі ұғымы бір. Әйелдердің басын орамалмен жауып, әурет жерлерін бөгде адамдардан жасырып ұзын киім киюі Алла Тағаланың бұйрығы.Дінімізде әйелдердің беті, екі қолы (білезігіне дейін) мен екі аяғынан (тобығына дейін) басқа жерлері ұятты болып есептеледі. Сондықтан да, барлық әйел баласы ұятты саналған әуретті жерлерін киімімен жауып, бөгде ер кісілерге көрсетпей жүрудің шариғаттағы үкімі – парыз. Оның парыздығына Қасиетті Құранның «Нұр» сүресіндегі 31-аят дәлел. Онда: «Мүмін әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Орамалдарын жағаларын да (яғни, мойын, көкіректері ашық қалмасын) жабатындай етіп тақсын…»), – делінген.
Шариғатымызда әйел адамның шашы әурет жері болып саналады.

Орамал тағудың физиологиялық тұрғыдан да әйелдерге пайдасы бар. Әрине, бұл өз алдына зерттеуді қажет ететін бөлек мәселе. Десек те, С. Асфендиров атындағы Мемлекеттік медицина университетінің емдік гигиена кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева бұл жайлы былай дейді: «Ер адамдар көбіне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан да болар, әйелдің шашы магнит тәрізді ауадағы кір-лас қуатты жинағыш келеді. Бұл да оның, әсіресе, бас ауруына ұшырауына әсер етеді. Осы жолдың авторының өз тәжірибесінде кездескендей, орамал тартқаннан кейін «басының сақинасы», т.б. дертінен жазылып кететіндер аз емес. Бұған қоса, ашық-шашық жүрген әйел көктен өзіне қажет емес артық қуат алады, сөйтіп, онда еркектерге тән гистостерон гормоны пайда болады, нәтижесінде ағзаның гормональды бұзылуы етек алып, жыныс органдарындағы қатерлі ісік, т.б. ауруларға жол ашады» Мұсылман журналы, 25-бет. №1/ қаңтар айы, 2004ж.

Жауап берген: Бейсенұлы Серікқали Семей Орталық мешітінің найб имамы.