КЕҢЕСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас», – дейді дана халқымыз. Айналасымен кеңесіп, ақылдасып отыру – ардақты Пайғамбарымыздың да (с.ғ.с.) асыл сүннеттерінің бірі. Мұның бастауы Құранда жатыр. Алла Тағала қасиетті кітабында Пайғамбарымыз Мұхеммедке (с.ғ.с.) «Айналаңдағы адамдармен әр істе кеңесіп отыр!», – деп бұйырады.[1] Алланың әмірін қалтқысыз жүзеге асыратын Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Әбу Хурайра (р.а.) есімді сахабасы «Алла елшісінен (с.ғ.с.) артық жолдастарымен кеңесетін адамды көрген емеспін»[2], – деп сипаттайды. Ендеше, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен біраз үлгілер келтірейік.

Алла елшісі (с.ғ.с.) қашан да қос қанаты секілді болған Әбу бәкір және Омармен (с.ғ.с.) кеңесіп отыратын.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мединеге көшкеннен кейін Меккеде қалған мүшріктер Ол кісіге (с.ғ.с.) тыныштық бермеді. Бірнеше мәрте қол жинап келіп, Бәдір, Ухуд, Ахзаб секілді т.б. шайқастарды бастады.

Солардың бірі Бәдір соғысында дұшпандар ойсырай жеңіліп кері қашып, жетпіс кісі тұтқынға түсті. Сол кезде Алла елшісі (с.ғ.с.) бұларды не істейміз деп Әбу Бәкір және Омармен (р.а.) ақылдасқанда Әбу Бәкір (р.а.) өтем төлетіп, бастарына бостандық беруді, ал, Омар (р.а.) бәрінің өлтіріп тастауды ұсынады. Алла Тағала «Сені әлемге тек мейірім ретінде жібердік»[3], – деп сипаттаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкірдің ұсынысын қабылдап, тұтқынға түскен қаскөй мүшріктерге өтем төлетіп, бәрін босатып жібереді.[4]

Алла елшісі (с.ғ.с.) әрдайым сахабаларымен ақылдасып, көңілге қонымды пікірлерін жүзеге асыратын.

Бір жолы бірнеше мүшріктер тайпасы басы қосып, 10-12 мың шамасында әскер жинап Мәдинә қаласына келді. Міне, осы кезде Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларын жинап, қалай қорғану жолын ақылдасты. Осыған дейінгі екі шайқастың бірінде, яғни, Бәдір шайқасында мұсылмандар дұшпандарын ойсырата жеңіп қуып жіберсе, екіншісінде (Ухуд шайқасы) мұсылмандар тарапынан шығын көп болғанымен, меккеліктер де анау айтқандай жетістікке жете алмай, келген жолдарымен кері қайтқан болатын. Екуінде де мұсылмандар дұшпанды қала сыртынан қарсы алған еді. Ухуд шайқасында Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларымен ақылдасқанда көпшілік сыртқа шығуды ұсынған соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұны қабыл етті. Нәтижеде мұсылмандар біраз шығынға ұшыраған болатын.[5]

Осы жолғы соғыста да алдыңғы екеуіндегідей қала сыртына шығып қарсы аламыз ба, қайтеміз деп ақылдасқанда, Парсы елінен арнайы іздеп келіп, Пайғамбарға иман келтірген Салман Фариси есімді сахаба қаланың айналасына ор қазуды ұсынды. Алла елшісі (с.ғ.с.) ол кісінің кеңесін құп көріп, сахабаларын ертіп дереу ор қазуға кірісті.  Осылайша, қаланың жау кіруі ықтимал жерлелерінен атты адам өте алмайтындай қылып, кең, әрі терең қылып шұңқыр қазып жаудың бетін қайтарды.

Кейде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі керекті деп тапқан, маңызды кісілермен ғана ақылдасатын.

Аталмыш, Ахзаб соғысының негізгі бастаушысы Құрайыш тайпасы еді. Олардың бар мақсаты Алла елшісін (с.ғ.с.) өлтіру ғана болатын. Ал, Ғатафан тайпасының адамдары құрайыштардың үгіттеуімен қосылған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олармен келісімге келіп, кері қайтаруды, осылайша, тек Құрайыштармен ғана бетпе-бет қалуды ойлайды да, Мәдиналық екі рудың басшылары Сағд ибн Муғаз және Сағд ибн Убада есімді сахабаларын шақырып алды. Олармен Ғатафан тайпасына Мәдинәның жемістерінен беріп, келісімге келу жайын  кеңесті. Алайда, екі сахаба олармен мұндай келісімге келудің қажет жоқ деп ойлайтындықтарын айтты. Сол кезде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың ақылдарын тыңдап, алдыңғы ойынан бас тартты.[6] Нәтижеде онсыз да, дұшпанның өз арасында іріткі шығып, қоршауды тастап кері қайтты.

Алла елшісі (с.ғ.с.) әр істі өз маманымен ақылдасуды жөн көретін.

Исламның байрағын биікте желбіретуді мақсат еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басынан біраз қиындықты өткізді. Меккеліктер зорлықпен шығарып жіберген соң сегіз жылдан кейін қайтып оралып, Меккені күпірліктің қараңғылығынан шығарып, азаттыққа қауыштырды. Одан кейін, баяғыда Исламға шақырып барғанда таспен атқылап қуып жіберген Тайф қаласына барды. Олар бұл жолы да Исламды қабылдаудан бас тартып, қаланы бекітіп алып, шайқасқа дайын екендіктерін көрсетті. Бірнеше күндік қоршаудан айтарлықтай нәтиже шықпаған соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Нәуфәл ибн Муғауия есімді сахабасынан пікірін сұрады. Ол кісі «Бұлар бір ініне кіріп алған секілді. Күтіп тұра берсең аларың сөзсіз. Дегенмен, жайына қалдырсаң да саған бір зарар бере алмайды», – деді. Алла елшісі (с.ғ.с.) осы сөзге тоқтап, әскерге кері қайтуды бұйырды. Кейіннен Тайфтықтардың бәрі өз еріктерімен мұсылмандықты қабылдады.

Алла елшісі (с.ғ.с.) керек кезінде әйелдерімен де ақылдасып, ішкі сырымен бөлісетін.

         Бір жолы Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір топ сахабаларымен бірге умра қажылығын жасау үшін Меккеге қарай жолға шықты. Алайда, ихрамға кіріп Худайбия деген жерге келген кезінде құрайыштар қарсы алдарынан шығып, мұсылмандардың «Соғысу деген ойымызда да жоқ, умра жасау үшін келе жатырмыз», – деген сөздеріне құлақ аспай, «Меккеге кіруге рұқсат бермейміз», – деп қасарысып тұрып алды. Ақыры екі жақ бірқатар шарттары бар үлкен келісім жасап, биыл мұсылмандар кері қайтып, келесі жылы келіп умра жасайтын болып ымыраға келді. Бәрі біткен соң Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларына шаштарын алып, құрбандарын шалып, ихрамнан шығып, кері қайтуды бұйырды. Алайда, сахабалардың ешбірі орнынан қозғала қоймады. Алла елшісі (с.а.с.) сөзін үш рет қайталаса да, сахабалардан әрекет байқалмады. Олар бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нақты шешімі емес шығар, бәлкім кері қайтпай умраға барармыз, – деп ойлаған болатын. Олардың қозғала қоймағанын көрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) жұбайы Умму Сәләмәнің (р.а.) жанына келіп болған жағдайды онымен бөлісті. Сол кезде Умму Сәләмә анамыз Алла елшісіне (с.ғ.с.) «Сіз ешкімге ештеңе деместен өзіңіз шығыңыз да, шаш алатын адамды шақырып, шашыңызды алдырып, құрбандығыңызды бауыздап тастаңыз», – деп кеңес берді. Айтқандай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.с.) сыртқа шығып шашын алдырып, құрбандығын шалды. Мұны көрген сахабалар да орындарынан тұрып, құрбандықтарын шалып, бір-бірінің шаштарын алып беріп, ихрамнан шықты». (Бұхари, 2731).

Алла елшісінің (с.ғ.с.) аталған өрнектерде және т.б. көптеген жерлерде сахабаларымен кеңесіп, олардың айтқан пікірлеріне құлақ асқандығы, «Мен Пайғамбармын», – деп кеуде кермей, айналасының ақылға қонымды пікірлерін қабыл алғандығы жайлы көптеген хабарлар келген. Осы мысалдар арқылы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) керек жерде басқалардың кеңесіне жүгінгендігін, кейде жалпы көпшілікпен кеңес құрса, кей кездері білгір, маман кісілермен ақылдасқанына көзіміз жетті. Тіпті, керек болса, үйіндегі жұбайымен ақылдасуды да кейінге қалдырмайтын. Кез келген адам Алла елшісінің (с.ғ.с.) осы бір нұрлы жолын өзіне үлгі тұтса, опық жемесі анық.

[1] Әли Имран сүресі, 159 аят.

[2] Сахих Ибн Хиббан 11\1217.

[3] Әнбия сүресі, 107 аят

[4] Муслим «Сахих» 3\1383.

[5] Ибн Хишам «Сира» 2\63.

[6] Ибн Хишам «Сира» 2\223-224.