ОҚЫС ОҚИҒАҒА БАЙЛАНЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕ

Оқыс оқиға 14 қазан күні сағат 11:50 уақыт шамасында болған. Абай облысы Ұржар ауданы, Ұржар ауылдық мешітінің имамы Ақжігітов Қайырбек Қалибекұлы абайсызда жеке көлігімен Ұржар ауылының ішінде 11 жасар Сымбатқызы Нұрай атты жеткіншекті қағып кетеді. Өзінің және куәгерлердің айтуынша көлік жылдамдығын сағатына 40 км/сағаттан асырмаған. Қыз бала жол жиегінде кетіп бара жатқанда бір үйдің ауласында байланып тұрған иттің үргенінен шошып жолға жүгіріп шыққандығы айтылуда. Сол сәтте жүргізуші Қайырбек имам көлікті тоқтатып үлгермеген. Оқиға орын алғаннан кейін Қайырбек Қалибекұлы зардап шегушіні дереу ауруханаға өзі жеткізген. Өкінішке орай жас қыз бала ауыр жарақаттан ота үстінде қайтыс болды.

Бүлдіршіннің ата-анасы мен туған туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз! Қарындасымыздың оқыстан болған қазасы бәріміздің жүрегімізге ауыр батып отыр!

Оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қайырбек имам 10 жылдан аса уақыттан бері Ұржар ауылдық мешітінде  қызмет жасап келе жатқан дін маманы. Қызмет барысында қандайда бір тәртіп немесе ереже бұзған жағдайлары орын алмаған. Бұндай оқыс жағдай бірінші рет орын алып отырғанын мәлімдеймін.

Асқар Мұқанов,

Абай облысының бас имамы