Үржар ауданында ас беру мәдениетін қалыптастыру, ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеу, ысырапшылдықтың алдын алу мақсатында «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» атты тағылымды жиын өтті.
Іс-шараға Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы, жергілікті дін қызметкерлері, ақсақалдар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында құдайы ас беру тәртібі, марқұмның қырқы мен жылдығын өткізу, еске алу жиындарын ұйымдастыру және қонақ асы беру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар зират тұрғызу мәдениеті мен бұл бағыттағы шариғат талаптары да сөз болды.
Кездесу барысында Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы ас беру рәсімдерінің негізгі мақсаты – марқұмға дұға бағыштап, сауабын арнау, ал жиындардың мазмұны қарапайымдылық пен ізгілікке негізделуі керектігін атап өтті.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
Тағылымды басқосу халық арасында ас беру мәдениетін қалыптастыруға, діни ұстаным мен ұлттық дәстүр сабақтастығын нығайтуға бағытталды.






















Пікір қалдыру