СЕМЕЙ: “РАССКАЖИ МНЕ ОБ ИСЛАМЕ” АТТЫ ТАНЫМДЫҚ ШАРА ӨТТІ

Семей қалалық Тас мешітінде діни сауаттылықты арттыру, Ислам дінінің асыл құндылықтарын кеңінен насихаттау мақсатында «Расскажи мне об Исламе»  атты танымдық шара өтті.

Игі шара барысында ардагер имам Нұрбек қажы Назерұлы қатысушыларға орыс тілінде уағыз-насихат айтып, Ислам дінінің негізгі қағидалары, имандылық, адамгершілік, мейірімділік, бауырмалдық пен ізгілік құндылықтарын кеңінен түсіндірді. Ислам дінінің бейбітшілік пен татулықты, өзара құрмет пен ізгі қарым-қатынасты насихаттайтын дін екені айтылды. Қатысушыларға негізгі діни мағлұматтар бойынша түсінік беріліп, көкейде жүрген сұрақтарына жауаптар берілді.

Сонымен қатар, Тас мешітінің бас имамы Еркебұлан Қанатұлы имандылық жолына бет бұрып, намазға жығылған өзге ұлт өкіліне мешіт атынан арнайы сыйлық табыстап, ізгі қадамына сәттілік тіледі.

Мұндай танымдық кездесулер дәстүрлі Ислам құндылықтарын насихаттап, қоғамдағы діни сауаттылықты арттыруға және жастардың рухани дүниетанымын қалыптастыруға игі ықпал етері анық.