Көкпекті аудандық мешітінің ұйымдастыруымен «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыбында Әжелер мектебі мүшелерінің қатысуымен тағылымды дөңгелек үстел өтті.
Қазақ қоғамы үшін өзекті тақырыпта өрбіген кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, қыз баланың тәрбиесі мен әдебіне қатысты халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өнегелі дәстүрлерін насихаттау болды.
Жыинды ашқан Көкпекті ауданының бас имамы Кенжебек Қалиакпарұлы “Қазақ халқының рухани әлемі мен ұлттық тәрбие дәстүрінде әженің орны қашанда ерекше. Әже – мейірім мен парасаттың, даналық пен өнегенің символы. Ол – ұрпақ тәрбиесінде тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның рухани тірегіне айналған аяулы тұлға”, – деп атап өтті.
Кездесу барысында әжелер қыз баланың ибалығы, ізеттілігі, ар-намысы, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті, киім кию әдебі және отбасылық құндылықтар туралы тағылымды әңгімелер айтты. Сонымен қата,р қазақ халқының «Қызға қырық үйден тыйым» деген тәрбиелік қағидасының мән-мағынасы кеңінен түсіндірілді.
Жиынға қатысушылар да өз ойларын ортаға салып, әжелерге көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Ақ жаулықты аналар өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін берді.
Тағылымды кездесу ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық тәрбие мен асыл қасиеттерді дәріптеуге бағытталды. Өйткені ибалы қыз – елдің көркі, тәрбиелі ұрпақ – ұлттың болашағы.























Пікір қалдыру