Әлемдердің Раббысы болған, бізге Ислам, иман атты ең ұлық нығметтерін нәсіп етіп, сан түрлі ырыздық-несібесімен ризықтандырған әрі мұсылман үмметінен қылған Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болғай. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), оның отбасына, сахабаларына және қияметке дейін оларға ізгілікте ерген күллі мұсылмандарға Алла Тағаланың салауат сәлемдері болсын.
Зекет сөзінің арап тіліндегі атауы – «الزكاة». Зекет ұғымы лексикада тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағыналарды білдіреді.Оның тілдік мағынасы: тазару, өсу, өну, арту және береке.
Шариғи терминологияда: «Шариғат иесінің белгілеуі бойынша, белгілі мөлшердегі мүліктің, белгілі бір бөлігін Алла Тағаланың ризашылығын қалап, белгілі кісінің меншігіне беру» деп түсіндіріледі.
Алла Тағала зекетті Ислам дінінің негіздерінің бірі ретінде бекітті және өзінің кітәбі Құранда, оны бірнеше мәрте маңыздылығы жағынан Алладан басқа Құдай жоқ деген куәлік сөзінен кейін, екінші дәрежеде тұратын,намаз құлшылығымен қатар атап өтті. Мысалы Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде былай деп баян етеді:
وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ
«Әрі намазды /барлық шарттарын сақтап, беріле/ толық орындаңдар, зекетті беріңдер» (Бақара, 43-аят).
Сонымен қатар Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зекет құлшылығына қатысты былай деген:
بُنِيَ الإِسْلامُ عَلَى خَمْسٍ : شَهَادَةِ أَنْ لا إِلَهَ إِلا اللَّهُ، وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَصَوْمِ شَهْرِ رَمَضَانَ، وَحَجِّ الْبَيْتِ
«Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік беруге, намазды орындауға, зекет төлеуге, рамазан оразасын ұстауға, шамасы келген кісіге Алланың үйіне қажылық қылуына,» (Имам Бұхари, имам Муслим жеткізді).
Зекет міндетіне немқұрайлы қарайтын кісілірге қатысты, Алла Тағала өте қатал түрде ескерту жасап, былай деп үн қатады:
وَالَّذِينَ يَكْنِزُونَ الذَّهَبَ وَالْفِضَّةَ وَلَا يُنفِقُونَهَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَبَشِّرْهُم بِعَذَابٍ أَلِيمٍ
«Ендеше, /ашкөздікке салынып/ алтын мен күмісті үсті-үстіне жиып, оны Алла жолында жұмсамайтындарды жан төзгісіз азаппен сүйіншіле» (Тауба, 34-аят).
Бұл аяттағы Алла жолында мал-мүлік жұмсау дегеннің мағынасы – зекет беруді білдіреді. Ахнаф ибн Қайстың былай деп айтқаны риуаят етілген: «Бірде мен, бірнеше құрайштыққтардың арасында болғанымда, Абу Зар (р.а.) жанымыздан өтіп бара жатып, былай деді: «Алтын мен күмісті көптеп жиятын кісілердің, бүйірлерінен тесіп шыққанға дейін арқаларына қыздырылған ыстық темірмен таңба басылатындығын және маңдайларынан тесіп шыққанға дейін, желкелеріне де дәл солай таңба басылатындығын айтып сүйіншілеңдер»» (Имам Бұхари, имам Муслим жеткізді). Зекет мәселесіне осыншалықты ерекше мән берілгендігін ескерер болсақ, Ислам дінінің негізгі міндеттерінің бірі, зекеттің мән-маңызын түрлі қырларынан түсіндіру.
Зекеттің берілу жолы және оның шарттары:
Зекетті төлейтін кісіге, төмендегі көрсетілген шарттарды ұстанып жүруі, өте қажет екенін білген жөн.
- Бір жыл бойы иелік еткен мал-мүлкің, белгіленген мөлшерге (нисабқа) жетіп не артылған жағдайда, оның зекетін бірден беруге асығу қажет. Сонымен қатар бұл, пітір садақасына да қатысты мәселе. Жалпы пітір садақасын, ораза айты күнінің таңы (күні) атқаннан бастап беру, абзал саналады. Дегенмен пітір садақасын, рамазан айы кіргеннен кейін алдын-ала беруге де болады. Зекеттен алуға хаққысы бар кісілерді біліп тұрып әрі мүмкіндігі бола тұра, зекетін төлеуді кешіктірген адам, Алла Тағалаға бойұсынбаушылық танытқан болады. Бұған қоса, мұндай кісі белгілі бір себептермен, өзінің мал-мүлігінен айырылып қалған жағдайда да, зекетті төлеу міндеттілігі, бәрібір мойнынан түспейді. Сондай-ақ зекетті алдын-ала төлуге де рұқсат етіледі.
- Зекетті өзге елдерге жіберудің қажеті жоқ, себебі әр елдің мұқтаж жандары өз елінің байлығынан үмітті екендігі айтпаса да түсінікті нәрсе. Ал егер зекет ретінде берілетін мал-мүлік өзге елге жөнелтілетін болса, онда өз еліндегі мұқтаждардың үміттері ақталмай, алдамшы сағымға айналары анық. Сондықтан, өз еліңдегі көмекке мұқтаж жандардың қажеттіліктері толық шешілген жағдайда ғана, зекетті өзге елге жөнелтуге болады.
- Зекетті Құранда аталған сегіз түрлі кісіге ғана тиесілі төленіп, берілуін жіті қадағалау қажет:
إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ ۖ فَرِيضَةً مِّنَ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ
«Анығында садақалар /зекеттер/ жоқ-жітікке, кедейлерге, және оған /зекетті жинауға/ қатысты жұмыс істеушілерге, жүректері бұрылатындарға /ислам дінін жаңа қабылдағандарға/, құлдарды азат етуге, қарызы барларға, Алла жолына және /жолда қалған/ жолаушыға, Алла тарапынан /белгіленген/ бір парыз ретінде, /осыларға/ тән. Алла бәрін Білуші, аса Дана» (Тәубе, 60-аят).
Ислам негіздерінің бірі саналған зекеттің, түрлі маңызды қырлары жөнінде:
Бұл жерде мына бір маңызды үш мәселеге тоқталып кету қажет.
- Зекет беру – Алла Тағалаға деген шынайы махаббаттың белгісі, Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммад (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның елшісі деген куәлік сөзін тілмен айтып, жүрекпен бекіткен соң, таухидті ұстана отырып, бір Аллаға ғана Құлшылық қылу әр адамның міндеті. Бұл міндеттерді атқарудың ең қажетті шарты, таухидты ұстанушы адам ең алдымен тек бір Алланы ғана жақсы көруі қажет. Себебі Жаратушыға деген шынайы махаббатты бөліп жаруға мүлде болмайды. Өйткені, құр сөзбен ғана айтылып жүрген таухидтың да адам баласына берер пайдасы шамалы. Жалпы, махаббаттың күш-қуаты тек, нақсүйеріңнен ажыраған кезде ғана білінетіндігі ақиқат. Ал адамдар, бұл дүниеде шексіз ләззаттануға мүмкіндік беретін байлықты, сүйгендіктен, байлық-құмарлық сезіміне беріледі де, өлімнен кейін, нақсүйер Раббыларымен қайта қауышу күтіп тұрғандығына қарамастан, өлімнен құтылуды аңсайды. Сондықтан, адамдардың сөздерінің адалдығын анықтау үшін, сүйетін байлықтарынан қол үзулері талап қылыну арқылы, сынаққа тартылды. Бұған қатысты Алла Тағала былай деп баян етеді:
إِنَّ اللَّهَ اشْتَرَى مِنَ الْمُؤْمِنِينَ أَنْفُسَهُمْ وَأَمْوَالَهُمْ بِأَنَّ لَهُمُ الْجَنَّةَ
«Расында, Алла мүміндерден жандары мен мал-мүліктерін /байлықтарын/ сатып алып, жұмақпен айырбастады» (Тәубе, 111-аят).
Бұл аятта, Құдыретті де Ұлы Алла Тағаламен қауышуды мұрат еткен кісіге, өз өмірін де құрбан қылуға дайын болуы қажет екендігі және жаныңды құрбан етуден қарағанда, жиған-терген өз байлығыңды құрбан қылу әлде-қайда жеңілірек екендігі білдірілуде. Сондықтан, жалпы адамдар мал-мүлік пен байлықты құрбан етудің не екендігін түсінгеннен кейін, үш топқа бөлінді. Бірінші топтағылар, өздерінің тек бір Аллаға ғана деген бойұсынушылықты ұстанатындықтарын растау мақсатында, өздеріне не динар да, не дерхем де қалдырмай, байлықтарынан түгелдей бас тартты. Бұған қатысты Әбу Бәкірді (Алла оған разы болсын) мысалға келтіруге болады. Мәселен ол өзінің иелік еткен барлық байлығын Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келіп, зекет ретінде берген болатын.
Екінші топқа қатысты адамдар, байлықтарының бір бөлігін зекет ретінде беріп, қалғанын орайы келген уақытта, басқа да игі қайырымдылық іс-шараларына беруге сақтап қоятын болған. Мұндай кісілер зекетті төлеумен ғана шектелмеген. Мысалы, табиғиндердің қатарына кіретін ән-Нахағи, әш-Шағби, Ато және Муджаһид сынды (Алла оларға разы болсын) кейбір ғұламалар, өз қаражатыңнан тек зекет берумен ғана шектелмей, басқа да игіліктерге жұмсау қажет деген тұжырымды ұстанған. Мәселен, бірде әш-Шағбиден, тек зекет берумен ғана шектелмей, белгілі бір қаражатты, басқа да игілік істеріне жұмсауға бола ма деп сұрағанда, Ол: «Ия, болады! Сен не, Құдыретті де Күшті Ұлы Алла Тағаланың былай деп айтқанын:
وَآتَى الْمَالَ عَلَىٰ حُبِّهِ ذَوِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَالسَّائِلِينَ وَفِي الرِّقَابِ
«Мал-дүниесін өзі жақсы көрсе де жақындарына, жетімдерге, кедейлерге, /жолда қалған/ жолаушыға, қайыр сұрағандарға және құлды азат етуге беруде»,-естімеп пе едің?»-деген екен. Сонымен қатар олар өз ұстанымдарына дәлел ретінде, Құранның мына аятын да қолданған:
وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ
«Әрі олар, Біз берген ризықтан жұмсайды» (Бақара, 3-аят). Осы Құранның аяттарында айтылғанның бәрі мұсылмандардың бір-біріне деген қарым-қатынас міндеттеріне жатады. Ашып айтқанда, егер де, мұң-мұқтажсыз бір бай кісі басқа бір мұқтаж жанды кездестіріп қалған жағдайда, сол дәулетті кісі зекет ретінде беріп жүрген байлығынан тыс, қаражат жұмсау арқылы, әлгі міскіннің мұқтаждығын өтеумен, жоқшылығынан құтқаруы тиіс.
Ал енді үшінші топтағыларға келер болсақ, бұл топқа өз байлықтарынан не артық не кем жұмсамай, тек өзінің белгіленген мөлшеріндегі зекетті төлеумен ғана шектелген жандар жатады. Жалпы жер бетіндегі адамдардың көбісі осы топқа жатады. Олар мал-мүлік пен байлық иесі бола тұра, оны игілік жолында жұмсауға,сараңдық танытып, ал оған қол жеткізу үшін, бар ынта-жігерімен атылған оқтай ұмтылады да, ақырғы мәңгі өмірді лайықты түрде жақсы көрмейді.
- Зекет беру – сарандық сияқты құрдымға кетіретін жаман мінезден арылтады. Себебі Алла Тағала былай деген:
وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«Кім өзінің сараңдығынан сақталған болса, міне, солар – табысқа жетушілер» (Хашр, 9-аят). Алайда бұл сараңдық сипатынан, тек қаражат жұмсау әдеті арқылы ғана сақтануға болады. Себебі, нәпсісінің байлықты қимай қиналғандығына қарамай, одан қол үзуді әдетке айналдырған жағдайда ғана мал-мүлікке деген махаббаттан құтылуға болады. Сондықтан осы тұстан алып қарағанда, зекет – тазарудың құралы болып табылады. Өйткені ол зекет берушіні сараңдық сыйпатынан тазалайды. Ал адам баласының ар ождан тазалығының дәрежесі, оның қанша қаражат бергендігімен және оны Алланың разылығы үшін жұмсағандығына қаншалықты қуанғандығынан байқалады.
- Зекет беру – Алла Тағаланың берген ризық-несібесіне шүкіршілік болып табылады. Себебі Құдіретті де Ұлы Алла Тағаланың нығметі пенденің өзін және оның мал-мүлкін де қамтиды. Дене-мүшелермен жасалатын құлшылық түрлері, Алла Тағаланың берген дене-мүше нығметіне шүкіршілік қылу болып табылады. Ал игілік жолында қаражат (зекет, садақа) жұмсау болатын болса, Алла Тағаланың берген ризық-несібе мен мал-дүние нығметіне шүкіршілік ету болмақ. Қиындыққа ұшыраған мұқтаж кісіні көре тұра, қол қусырып жүруден аман қылған Алла Тағалаға шүкіршілік қылуға нәпсісін ынталандыра алмай, байлығының қырықтан бірін не оннан бірін бергісі келмейтін кісі – нендей нашар, пәс адам.
Зекеттің әдептері
- Таза көңілмен беру. Кім зекет бергендігін пақырға міндетсінсе және бергенін сөз етіп тіл тигізсе, зекетінің қабыл болмау қауыпы бар. Алла Тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تُبْطِلُواْ صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالأذَى كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاء النَّاسِ وَلاَ يُؤْمِنُ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ ﴾
«Әй, иман келтіргендер! Мал дүниесін адамдарға рия /көрсету/ үшін жұмсап, Аллаға және Қиямет күніне сенбейтін біреу секілді садақаларыңды міндетсіну әрі ренжіту арқылы зая кетірмеңдер!..» (Бақара, 264-аят).
- Ең жақсы малдан берілуі.
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ وَلَا تَيَمَّمُوا الْخَبِيثَ مِنْهُ تُنفِقُونَ وَلَسْتُم بِآخِذِيهِ إِلَّا أَن تُغْمِضُوا فِيهِ ۚ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ حَمِيدٌ
«Ей, иманға келгендер! Тапқандарыңның және Біз сенднрге жерден шығарып бергеніміздің жақсыларынан /садақа етіп/ жұмсаңдар. Әрі көздеріңді жұмып тұрып болмаса, өздерің де алмайтын нашар нәрсені жұмсауға талпынбаңдар. Әрі, Алланың аса Бай /Ғани/, өте Мақтаулы /Хамид/ екенін біліңдер» (Бақара, 267-аят ).
- Жақсы мал бергені көпшіліктің көзінен жасырын болу.
- Мақталмас үшін, біреуді өкіл ету.
إِن تُبْدُوا الصَّدَقَاتِ فَنِعِمَّا هِيَ ۖ وَإِن تُخْفُوهَا وَتُؤْتُوهَا الْفُقَرَاءَ فَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ ۚ
«Егер садақаларды ашық түрде берсеңдер жақсы. Ал, егер оны /бергендеріңді/ жасырсаңдар әрі оны кедейлерге берсеңдер, ол өздерің үшін қайырлы» (Бақара, 271-аят).
- Зекетті берерде дұға жасау.
- Зекеті үшін не тақуа, не білімді, не пақырлығын жасырушы, не туыс мұсылманды іздеу. Өйткені олар бұл малды Алла Тағалаға бағыну жолына пайдаланады. Дегенмен шариғатта басқаларға беруге болмайды деген сөз жоқ.
لِلْفُقَرَاءِ الَّذِينَ أُحْصِرُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ لَا يَسْتَطِيعُونَ ضَرْبًا فِي الْأَرْضِ يَحْسَبُهُمُ الْجَاهِلُ أَغْنِيَاءَ مِنَ التَّعَفُّفِ تَعْرِفُهُم بِسِيمَاهُمْ لَا يَسْأَلُونَ النَّاسَ إِلْحَافًا ۗ
«/Қайыр-садақаны/ Алла разы болатын іс-амалдарымен айналысып, мұқтаждық көрген кедейлерге /беріңдер/. Олардың өзге жерге баруға шамалары келмейді, білмейтіндер оларды қанағатшылықтары себепті, бай деп есептейді. Оларды белгілі сипаттарынан танисың: олар адамдардан тілемсектеніп сұрамайды» (Бақара, 273-аят).
- Ешкім есіне түсірместен, зекетін төлеуге өзі бірінші ұмтылу.
- Пақырға зекетті қайыр сұраудан тоқтататындай көлемде беру.
- Пақырға беріліп жатқан малдың зекет екенін білдіру қажет емес.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкіл имамы Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы