Түркістан конференциясы: ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНДАҒЫ РЕНЕССАНС

 Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы www.muftyat.kz
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен киелі Түркістан шаһарында «Ислам және ұлы дала өркениеті» атты тақырып аясында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция мақсаты – Исламның дамуына үлес қосу, қазақ топырағынан шыққан танымал діни тұлғалардың еңбегін насихаттау, рухани біртұтас қоғам құруға үлес қосу, жастардың діни көзқарасының радикалдануына жол бермеу, түркі-мұсылман жұртшылығының Ислам дінін қабылдауына ерекше ықпал еткен Қ.А.Яассауидің шығармаларын өскелең ұрпаққа өнеге ету, дін мен дәстүрді жаңғырту, жалпы қазақ руханиятының дамуына ықпал ету, т.б.

Делегаттар конференция жұмысын Қожа Ахмет Яссауи кесенесін зиярат етіп, дін ғұламалары мен ұлт мақтаныштарына арнап арнайы Құран аяттарын бағыштап, дұға жасаудан бастады. Дін қызметкерлерінің бұл қадамы жастарға үлгі-өнеге болары хақ!

Конференцияға Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Əліпбек Өсербаев,  облыстық мəслихат депутаты Əбілқасым Досболов, Мəдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Əбуов, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмеков, Ясауи ғылыми зерттеу орталығының директоры Досай Кенжетай, филология ғылымдарының докторы Шәмшадин Керім, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Омар Жәлелұлы, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, облыстың бас имамдары, теолог-ғалымдар қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Əліпбек Өсербаев аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың конференция қонақтарына жолдаған құттықтау сөзін жеткізіп, айтулы басқосуға сәттілік тіледі.

Мінберде сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазақ халқының дəстүрімен сабақтас орта азиялық діни мектептің рөлін арттыру қажеттігін айрықша атап өтті.

«Мен, осыдан 3 жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында дәстүрімізге, болмысымызға, діни саладағы жолымызға жақын келетін орта азиялық діни мектептің рөлін қайта жаңғырту туралы бастама көтердім. Қазақстан және Орталық Азияда біртұтас мұсылман үмбетін қалыптастыру идеясынан туған бұл бастама көрші елдердегі дін қайраткерлері мен өзіміздің ғұлама-ғалымдарымыз тарапынан қолдауға ие болды. Қазақ мұсылмандығында бұрыннан қалыптасып, дала халқының болмысымен, табиғатымен бітеқайнасып кеткен мектеп ежелгі Мауреннахр мұсылмандарын ортақ мақсатқа үндеді. Діннің түп негізіне сүйенген діни ережелерді берік ұстануымыз – бірлігіміздің нығая түсуіне жаңа мүмкіндіктер туғызады деп есептеймін. Бүгінгі қазақ қоғамында дін жайлы түсінік пен пікір екіге жарылғаны жасырын емес. Бірі – ислам арабтанудың алғышарты, қазақты жою десе, екіншісі, діни сенімді көрсоқырлық деп бағалайды. Осы екі тараптың ойындағы сауалға ортақ жауапты орта азиялық діни мектептің жолы мен жөн-жоралғылары дәл бере алады деп тұжырымдаймын. Аллаға шүкір, біз әлмисақтан мұсылманбыз. Өзгенің мәдениеті мен діни жолымен жүруге міндетті емеспіз. Өзіміздің дүние таным мен  тұрмыс салтымызбен әдемі үйлескен діни жолымыз, Хақты тану дағдымыз бар. Оны осы қасиеттерден ажыратуға, басқа арнаға бұруға ешкімнің қақысы жоқ», – деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Мəдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Əбуов Діни басқарманың Түркістан қаласы бойынша өкілдік жұмысын жетілдіріп, киелі шаһардың келбетін айшықтайтын ғылыми жобаларды жүзеге асырып, тың еңбектер шығаруды ұсынды.

Ал Яссауи ғылыми зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай: «Мүфтияттың бастамасымен тұңғыш рет киелі Түркістан қаласында тəлімі мен тағылымы мол конференция өтті. Бұл қазақ руханияты үшін тарихи оқиға болды. Бас мүфти-хазіретіміз Серікбай қажы Ораз бастаған дін ғұламаларының түркі жұртының исламды қабылдауына ықпал еткен Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне зиярат етіп, тағылымды басқосуға ұйытқы болуы – үлкен жақсылықтың нышаны», – деген пікірін жеткізді.

Конференцияға Алматы мен Астанадан арнайы келген ғалымдар, тарихшылар, дінтанушылар киелі Түркістан төрінде өткен басқосуда  ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды қайта түгендеп алу мәселелері төңірегінде баяндама жасады. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбевтың «Рухани жаңғыру» бастамасының мәні мен маңызы, халқымыздың рухани өміріндегі өзгерістер сөз болды.

Конференцияға қатысқан профессорлар – Болат Көмеков, Досай Кенжетай, Шәмшадин Керім, Айдар Әбуов, т.б. ғалымдар мүфтиятттың бастамасымен жарық көрген салт пен діни санасының үйлесімділігін паш ететін «Дін мен дәстүр» кітаптары мен тарихи-діни жолымызды айшықтайтын «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» еңбегін мектеп пен жоғары оқу орындарында қосымша пән немесе тәрбие сағаты ретінде оқыту туралы ұсынысқа қолдау білдірді.

Айта кетер жайт, Діни басқарма ғалымдары бұл ізденістермен тоқтап қалмай, жуық арада «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты ауқымды еңбекті шығаруға кірісіп кетті. Ғалдымдар осы игі бастамаға атсалысуға ниет білдірді. Аталған діни һәм рухани бағыттағы еңбектерді жастардың санасына сіңіру –  баршаға ортақ сауапты іс.

Конференция соңында делегаттар басқосудың негізгі идеясына айналған діни таным мен сал-дәстүрімізбен үйлескен ортаазиялық діни мектебімізді жаңғыртып, біртұтас мұсылман үмбетін қалыптастыру бастамасын құптап, барша мұсылман қауымды дінді озбырлық әрекеттер мен саяси және жеке мүдделер үшін пайдалануды көздейтіндерге ілеспеуге, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттауға шақырып, үндеу жолдады.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ баспасөз хатшысы

Түркістан қаласы