Әбу Ханифаның тағылымды өсиеттері

???????????????????????????????????????????????????????

Имам Ағзам Әбу Ханифа (80-150/699-767) жалпы алғанда Ислам әлемінің, жалқы алғанда өзінің атымен аталатын ханафи ислам ойлау жүйесінің негізін сонау ерте заманда қалаған дарабоз ғалымдардың бірі. Әбу Ханифаның туылған жері Куфа ғылыми танымының қалыптасуына өз әсерін тигізді. Куфа көне мәдениеттердің бесігі болумен қатар Пайғамбарымыздың сахабаларының да көптеп қоныс аударып, сол сахабалардың ілім кәусарынан сусындаған табиғиндардың өмір сүріп, ілім шырағын шартарапқа таратып жатқан жерлердің бірі болатын.

Имам Әбу Ханифа өз шәкірттерін жақсы көретін. «Сендер менің жүрегімнің қуанышы, көңілімнің жұбанышысыңдар», – деп оларға жүрек жарды сөздерін арнайтын.

Имам Ағзам Әбу Ханифаның өз шәкірттері имам, қазы Әбу Юсуф пен Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиеттерінен кейбір үзінділер келтірейік. Білім-ғылым іздеуге ерекше мән берген Имам Ағзам шәкірттеріне ерте үйленуге рұқсат бере бермеген. Осыған қатысты ол:  «Әуелі білім ізден! Кейін адалдан мал жина! Содан кейін ғана үйлен! Егер білім ізденетін шақта, мал жинаудың соңына түссең білім ізденуге шамаң жетпей қалады…Осылайша білім алудан бұрын, дүние және әйелдермен әуре болып, уақытың зая кетеді. Бала-шағаң көбейіп, солардың тіршілігін реттеймін деп жүргеніңде білімді тәрк етесің. Ойың, жүрегің таза, жастық шақта білімнің соңына түс! Білімнен кейін ғана қолыңда дүние-мүлік болу үшін мал жина! Себебі, бала-шағаның, дүние-мүліктің көп болуы адамды әбігерге түсіреді. Мал-мүлік жинап алғаннан кейін ғана үйлен!»,– дей келе білім іздеуден ешқашан қол үзбеуге шақырып:

«Он жылдап кәсіпсіз, азықсыз ғұмыр кешсең де білімнен сырт айналып кетпе! Білімнен сырт айналсаң өміріңнің, тұрмысыңның ауыртпалығы арта түседі. Білімге деген қызығушылықтарын арттыруың үшін әрбір шәкіртті балаңдай көріп, білім беруге күш сал! Алған біліміңнің дүниеде және ақыретте қызығын көремін десең, жақсылықтан қол үзбе! Талабың таудай болсын! Себебі, талабы кішірейген адамның мәртебесі де төмендей береді»,– десе (Әбу Юсуфқа өсиетінен), ғылымның берекетінен құр алақан қалмау үшін: «Ғалымдарды қатты құрметте!»,– деп ерекше ескертеді (Юсуф ибн Халид әл-Басриға айтқан өсиетінен).

Ғалым адамның өзге адамдармен мәмілесіне қатысты маңызды мәселелерге тоқталған.  Елдің алдында абыройды сақтау үшін:

«Көпшіліктің алдында орынсыз күлімсірей берме!»,– деп ескертеді.

Бұл өз кезегінде ғалымның абыройын түсіріп, салмақты ойларын жай мәселеге айналдырып жібереді. Содан барып халық діни мәселелерге атүсті қарауға үйренуіне жол ашады. Осыған қатысты тағы да: «Көп күлуден аулақ бол! Себебі, ол жүректі өлтіреді. Әрдайым байсалды, салмақты кейпіңнен айрылма!»,– деп (Әбу Юсуфқа өсиетінен) шәкірттеріне әрдайым ұстаздық ақылдарын айтып, жанашыр әкедей қараған.

Ұстаздарынан осындай жылылық көріп өскен шәкірттері алған ілімдерін халыққа таратып, соның нәтижесінде Ханафи мәзһабы әлемнің шартарабына тарады. Бұл өсиеттер қашан да маңыздылығын жоғалтпақ емес.

Алау ӘДІЛБАЕВ, теолог, PhD доктор