ӘЛИХАННЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМЫ

Ораза, әсіресе оразадағы садақа туралы пікір білдіргендердің бірі – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы. Әлихан да Абай секілді дінді ғылыммен түсіндіруге тырысты. Зайырлы көзқарас ұстанды.

Ғалихан деген атпен «Қазақ» газетінің 1917 жылғы санында шыққан мақаласында «Бiздiң қазақ-қырғыздың iсiн көркейтетiн болсақ, хүкiмет iсiнен бөлiп қойған оң болады. Оны орысша «отделение церкви от государства» дейдi»  деп зайырлы қоғам құруға ұмтылды. Қазіргі мемлекетіміз ұстанып отырған саясат та осы – зайырлылық.

Әлихан тақуа болған жоқ, бірақ дінсіз де емес еді. Ол Абай секілді дін дінді теріс ұғушы надандармен, дүмшелермен күресті. Алайда дінмен күрескен жоқ. Керісінше дін мәселесін елдік мәселенің ішінде қарады. Алашорда бағдарламасының өзінде «дін жаюға ерік» деп көрсетілген, халыққа діни еркіндік берілген. Өкінішке қарай, бүгінде кейбір әсіредіншілдер Әлиханды діндар етіп, ал кейбір алаштанушылар керісінше, Әлиханды дінсіз етіп көрсетуге тырысып жүр. Өйткені Алаш көсемінің дінді сынға алған тұстарын көбірек басшылыққа алып, сол сөздеріне ғана басымдық беретіні байқалады.

Алайда ол, Тұрсын Жұртбай айтқандай, Ташкентте қадымилар мен жадидтердің арасындағы құрылтайдағы пікір таласына орай: тек мұсылман заңымен мемлекет құрамыз дегендерге қарсы айтылған сөз болатын.

Әлихан Бөкейхан 1916 жылы «Қазақ» газетіне шыққан, өзі айтқандай, Жиенғали мырзаның өтінішіне жауап ретінде жазылған «РАМАЗАН АЙЫ ЖАҚЫНДАҒАНДА…» мақаласында ораза айында берілетін пітір садақаны дұрыс бағытқа жұмсау мәселесін көтеріп, Құран Кәрімде баян етілген садақа орындарын рет-ретімен көрсетіп шығады.

«Құрандағы айтылған «пақыр» деген сөздің мағынасы бір кісінің, болмаса көптің мұқтаждығын шығару деген сөз. Бұған ұлт мұқтаждығы да кіреді. Мұны шығарамын деген ұлтқа не керек? Сол керегін жетілдіру үшін Алла Тағала «садақаларыңды мұқтаж болған адамдарға беріңдер» деп көптің қамын ойға салып айтқан» дей келе, садақаны ұлт мұқтаждығы үшін жұмсауға, мұқтаж халдегі жолаушыларға, оқу жолындағы барша шәкірттерге т.б ғаріп-міскіндерге беруге болатынын айтады.

«Алла Тағала Құран Кәрімде пайдалы орынға өздерінің сүйген нәрселеріңмен малыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілмен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уәжіп һәм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді. Мұнан көрініп тұр: сүйген малыңнан садақа шығару бір кісіге ғана емес, бүтін ұлт ісі екендігі. Әр нешік мұндай парыз, уәжіп-садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медресе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады» деп түйіндейді Әлихан Бөкейхан. Алашордашылар дін мәселесін елдік мәселенің ішінде қарады дегеніміздің дәлелі осы.