ШӘКӘРІМНІҢ ОРАЗА ЖАЙЛЫ ОЙЫ

Ораза жайлы орамды ой қозғаған тұлғаның тағы бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы болатын. Шәкәрім өзінің «МҰСЫЛМАНДЫҚ ШАРТЫ» (Орынбор, 1911) кітабында «Әр жылда рамазан айында ораза тұтпақ парыз. Ораза кісі күндіз еш нәрсені ішіп-жемейді, күндіз ұрғашыға жатпайды, темекі тартпайды, насыбай атпайды, сағыз да шайнамайды» деп бастай келіп, оразаны Рамазан айын көріп барып ұстаудың дұрыс болатынын баяндайды. Одан ары ораза ұстау ережелеріне қатысты мол мәлімет береді.

«Оразада әдейі ашып жіберген кісі бір күнге алпыс күн кінәрат, яғни тұтас екі ай ораза ұстайды. Халсіз ауру, халі келмейтұғын шал-кемпір, жолаушы үш күндік жолға шыққанда ұстамаса болады. Бірақ жолаушы тым қиыншылық болмаса, ұстаған жақсы және жолаушы үйге келген соң, ауру кісі жазылған соң қазасын ұстайды. Шал менен кемпір әр күн үшін пітір садақасындай бидай береді пақырға және буаз қатынның баласына, яки емшекте болса, бар қатынның баласына өзі ораза болғаннан зиян келетұғын болса, бұлар ашық болады да, артынан қазасын ұстайды» дей келе әйелдердің қандай жағдайда ораза ұстай алатынын анықтап түсіндіреді. Сөз соңында ораза тек тамақтан ғана емес, ауызға да тыйым салу керек деген түйін жасайды. Сөз соңын «Қалай болса солай күнәдан тыйылмай, аузына не келсе соны сөйлеп жүргендей ораза сауапты болмайды. Бәлкім, қабыл да болмас деген қауіп бар» дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы.