Ғұсыл

Ғұсыл дегеніміз – басымыздан бақайшамызға  дейін денені толықтай сумен жуу. Ғұсыл алудың үкімі жағдайға қарай өзгеріп отырады. Жүніп болғанда немесе әйелдерде болатын хайыз бен нифас жағдайларында ғұсыл алу парыз. Ал жұма, айт намаздарынан бұрын және қажылық пен умрада  ихрамға кіргенде  ғұсыл алу сүннет.
Ғұсылдың үш парызы
1.    Ауызды сумен шаю. Ауызды сумен шайғанда, тамақты да арнайы шайқаған жөн.
2.    Мұрынға (кеңсірікке дейін) су тарту.
3.    Денесіне тұтастай (иненің ұшындай құрғақ жер қалдырмай) су тигізу.
Ғұсыл алу үлгісі
Ғұсылдың парыздарымен қоса сүннеттері де бар. Сол парыздарымен бірге сүннеттерін де орындау үшін алдымен «Бисмиллаһ» деп айтып, ғұсыл алуға  ниет етеміз. Сонан соң қолдарымызды жақсылап жуып, денеміздегі кірді, нәжісті  тазартамыз. Және жоғарыда көрсетілгендей дәрет аламыз. Дәрет алғанда ауыз бен мұрынды жақсылап шаю керек.  Дәрет алып болғаннан кейін әуелі басқа, кейін оң иыққа, содан соң сол иыққа үш реттен су құямыз. Денемізге су құйған сайын қолымызбен ысқылаймыз. Денемізде су тимеген жер қалмау керек.
Ғұсыл алғанда: кіндік шұңқыры, сырға тағатын тесіктер, мұрт, шаш және сақал түптеріне де су баруы керек.

Жүніп адамға харам нәрселер
1.    Намаз оқи алмайды;
2.    Мешітке кіруге болмайды (тек зәру жағдайда ғана рұқсат етілген);
3.    Құран оқи алмайды («Шәһадат» сөзін айтуға, тәкбір, салауат, зікір етуге, дұға оқуға болады);
4.    Құранды ұстай алмайды (Құранды қабымен немесе орамамен ұстауға болады);
5.    Қағбаны тауап ете алмайды.
Ғұсыл қандай жағдайларда қажет?
Жүніп – ерлі-зайыптылар жыныстық қатынаста болса, ұйқыда немесе ояу кезінде ләззатпен шәуіт шықса жүніп болады. Сонымен қатар есінен танған, мастығынан айыққан, ұйқысынан тұрған адам бойынан ылғал бір нәрсе тапса, ғұсыл құйынғаны абзал. Бұл жағдайларда намаз оқуға, Құран ұстауға болмайды.
Хайыз – босану мен науқастанудан тыс уақыттарда, 9-55 жас аралығындағы әйелдердің жатырынан келетін қан. Ол ең азы 3 күннен 10 күнге дейін жалғасады. Ондай кезде намаз оқуға, ораза ұстауға болмайды. Бірақ оразаның қазасын ұстайды, ал намаздың қазасы оқылмайды.
Нифас – әйел адам босанғаннан кейін жатырынан келетін қан. Нифастың ең азы әйел кісілерге байланысты өзгереді, ал ең ұзақ уақыты – қырық күн. Әйелдер мұндай жағдайда намаз оқи алмайды. Ораза      да ұстай алмайды, бірақ  оразаның қазасын өтейді.