Астана процесіне 7 тараптың өкілі қатысуда. Атап айтқанда, Сирияның үкіметтік делегациясын БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар аль-Джафари басқарады. Сириялық оппозиция делегациясында шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі бар. Ресей делегациясына РФ Президентінің сириялық реттеу мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Александр Лаврентьев басшылық жасауда. Түрік және иран делегацияларының басшылары аталған мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары – Седат Онал мен Садек Хусейн Джабери Ансари. Мұнан бөлек, сириялық дағдарысты реттеу процесіне БҰҰ бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура мен Қазақстандағы АҚШ Елшісі Джорд Крол де қатысып отыр.
Келіссөздердің ашылу рәсімі БАҚ өкілдеріне тікелей көрсетіледі. Одан кейінгі келіссөздер барысы «жабық есік» жағдайында өрбімек. Астана процесі ертең аяқталады деп жоспарланған.
Айта кетерлігі, бүгін «Қазмедиа» орталығында баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қажет болған жағдайда Қазақстан алдағы уақытта да сириялық реттеу жөніндегі халықаралық кездесу өткізуге алаң ұсынуға дайын екендігін айтты.