ҚМДБ: УАҒЫЗ АЙТУДЫҢ БІРЫҢҒАЙ ӘДЕБІ МЕН ТӘРТІБІ БЕКІТІЛЕДІ

Астанада наиб мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық аппаратының кезекті жиналысында осындай тапсырма берілді. Еліміз бойынша уағыз-насихат жұмыстарының бірыңғай тәртібі мен әдебі туралы арнайы ережені әзірлеу ҚМДБ Уағыз-насихат бөліміне жүктелді.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, әлеуметтік желілер мен электронды ақпарат құралдарында кейбір тұлғалар уағыз айту барысында қоғамымызда қалыптасқан құндылықтарды, халқымыздың сан ғасырлық дәстүрі мен ғұрпын, жұртымыздың бай мұраларын ескермеуде. Сонымен қатар, мүфтият ғалымдары айтуы тиіс діни терең мәселелер төңірегінде үкім беріп, пәтуасын шығарып жіберуде. Соның салдарынан қоғамда азаматтар мен жамағат арасында түсінбеушіліктер көрініс тауып қалуда. Бұл мәселені дер кезінде қолға алып, уағыз айтудың бірыңғай әдебі, тәртібі туралы ереже қабылдауымыз керек», – деп атап өтті ҚМДБ төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз.

Аталған құжат ҚМДБ бекіткен тақырыптар бойынша уағыз-насихат жұмыстарының жүргізілуіне жол ашпақ.

www.muftyat.kz