Діни басқарма жанындағы «Зекет» қоры Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қасымбек ауылында өмір тауқыметін тартқан, асыраушысы жоқ отбасыға үй салып берді.
Рогоза Галина әжейдің бір қызы қауіпті дертке шалдығып, жұмысқа жарамсыз болып қалған. Одан бір немере қызы бар. Жоғарғы білімі жоқ, күнделікті диқаншыларға жалданып, егістікте жұмыс істейді. Одан үш шөбере бар, екі ұл, бір қызы мектепте (7-6-3 сыныптарда) оқиды.
Ұлты молдован кейуана мешіттен азық-түлік, қаржылай көмек алып, кейін үйлерінің апатты жағдайда тұрғанын айтып, арыз жазып келеді. Имамдар тексере келе үйлерінің расында да апатты жағдайда екенін көріп, жаңа үй салып беруге шешім қабылдаған.
Нәтижесінде дін қызметкерлері тұрмыс тауқыметін тартқан отбасына зәулім үй салып берді. Салтанатты шараға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы арнайы қатысып, үйдің кілтін табыс етті.
Рогоза Галина ислам дінін қабылдап, намаз оқығанына 19 жыл болған. Ал, шөберелері жыл сайын мешіттің сауат ашу курсынан білім алады. Қарт әжей жақсылық пен ізгілік Алладан деп біледі.
Үйдің көлемі 140 шаршы метр, 4 бөлмесі бар. Жылы едені, жылы суы, таза ауыз суы тартылып, табиғи газбен қамтамасыз етілген. Үй ауласына брушатка тас төселіп, гүл егіліп жаңа заман талабына сай салынған.