ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ ШАРАЛАРҒА 270 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

             KAZISLAM – ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков діни экстремизм мен терроризмге қарсы 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасын ұсынды. Ол аталған бағдарламаны орындауға 5 жылда бюджеттен қанша қаржы бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. Ол белгіленген мемлекеттік бағдарламаның мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштеріне тоқталды. Бағдарлама радикалды көзқарасты адамдарға, сондай-ақ терроризм мен экстремизмдік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған. Бұған комитет төрт міндетті шешу арқылы қол жеткізбек. «Радикалдар санын азайтуға бағытталған бастапқы міндеттер: діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру; халықтың радикалдануына сыртқы факторлар ықпалын төмендету, яғни жыл сайын радикалдық ықпалға түскен адамдар санын азайтуды көздейді. Екінші мақсатты индикатор – терактілер мен экстремистік акцияларды жасау әрекетінің уақытында жолын кесу. Ол арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жедел жұмыстарының тиімді екенін көрсетеді және бұған олардың қызметтерін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру арқылы қол жеткізіледі. Индикатордың мәні барлық террористік және басқа да акциялардың алдын алу мен уақытында жолын кесуді көздейді. Бұл дегеніміз едәуір салмақты белгі» деді ол. Нұрғали Білісбеков үшінші мақсатты индиактор террористік сипаттағы экстремистік акцияларға іс-шара қолдану жүйесін жетілдіру мен олардың салдарын азайту және жоюды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ, осындай көріністерге шара қолдану арқылы олардың салдарын азайту мен жоюдың дайындық деңгейі 2022 жылдың соңында 95 пайызға артпақ. Комитет төрағасының орынбасары тиісті талаптарға сәйкес келетін террористік тұрғыдан осал объектілердің үлесін 90 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын айтты. «Бақытжан Әбдірұлы, бағдарламада 80 іс-шараны орындау көзделген. Соның ішінде 35-і арнайы сипатта. Оларды іске асыру үшін 5 жыл ішінде 270 млрдтан астам теңге бөлу жоспарланған, соның ішінде республикалық бюджеттен 209,3 млрд, жергілікті бюджеттен 60,7 млрд теңге» деді ҰҚК төрағасының орынбасары.