АМАНАТҚА  БЕРІК БОЛУ – АДАМШЫЛЫҚ БЕЛГІСІ | жұма уағызы

 

Аманат сөзінің астары тереңде жатыр. Бұл – адамдар арасындағы жағымды сипаттың бірі. Әсіресе, қазақтың күнделікті тіршілігінде бұл ұғым адамшылық белгісі ретінде қолданылады.«Аманатқа қиянат жасама» делінеді халық даналығында. Ал, қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне үңілсек,  «Орындауға тапсырылған міндет, өсиет» деген ұғым берілген екен.

Фиқһ ілімінде сенімді адамға қалдырылған мүлікке аманат делінеді. Аманатты ешқандай зиян тигізбей, дәл сол күйінде иесіне қайтару – міндет һәм сауапты іс.

Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَخُونُوا اللهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Әймүміндер! Аллаға әрі Елшісіне опасыздық  қылмаңдар, тағы біле тұрааманаттарыңа қиянат жасамаңдар»,[1] – деп бұйырса, келесі аятта:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا

«Шын мәнінде, Алла (Т.) сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етсеңдер, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз Алла, толық естуші, бәрін көруші»[2].

Аманат – өз алдына оқшау тұрған дара қасиет. Мүмін өзіне тапсырылған аманатты сақтауға бар күш-жігерін жұмсайды. Оның имандылығы да осы сипатымен бағаланады.

Алла Тағала Құранда аманаттың артықшылығын былай деп баяндайды:

إِنَّا عَرَضْنَا الْأَمَانَةَ عَلَى السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَالْجِبَالِ فَأَبَيْنَ أَن يَحْمِلْنَهَا وَأَشْفَقْنَ مِنْهَا وَحَمَلَهَا الْإِنسَانُ ۖ إِنَّهُ كَانَ ظَلُومًا جَهُولًا

«Расында, біз бұл аманатты (яғни адамзатқа тән бүкіл жауапкершілікті) жеті қат аспанға да, жерге де әрі тауларға да (мойындарыңа алыңдар деп) ұсындық. Алайда, олар оны алудан бас тартты,  өйткені оны лайықты деңгейде алып жүре алмаудан қорықты. Сөйтіп оны адам өз мойнына алды, өйткені ол (өзіне) өте зиянкес әрі барып тұрған надан еді»[3].

Осы аятта Алла тағала адам баласын өзіне зұлымдық етуші және өте надан деп суреттеген. Бұлай айтуы адамзаттың өз мойнына аманатты арқалауынан емес. Керісінше, аманатты арқалау – үлкен абырой және қасиеттілік. Осындай жауапты міндетті мойнына алғанымен, қиянатқа жол бергендіктен адам баласы Құранда осылайша сипатталып тұр. Демек, аманатқа берік болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Қаншама адам осылай аманатқа қиянат жасап жатады. Оның зардабын тартқан басқа мүмін қиналысқа түсіп, жапа да шегеді. Ал, жүрегінде шаңның тозаңындай иманы бар адам мұндай әрекетке бармайды. Ендеше, иман ғана адамды аманатшыл етеді.

Ғұлама Мұхаммед Али әс-Сабуни аятта айтылған аманат сөзін «ақыл-ой иесі ретінде саналы түрде мойынсұну, діни міндеттерді орындау, сол жауапкершіліктің үдесінен шыға білу» деп тәпсірлеген[4].

لَوْ أَنزَلْنَا هَٰذَا الْقُرْآنَ عَلَىٰ جَبَلٍ لَّرَأَيْتَهُ خَاشِعًا مُّتَصَدِّعًا مِّنْ خَشْيَةِ اللَّهِ ۚ وَتِلْكَ الْأَمْثَالُ نَضْرِبُهَا لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَفَكَّرُونَ

Осыған ұқсас ойды мына аяттан да байқаймыз: «Егер Біз бұл Құранды тауға түсіргенімізде, сен оның Алладан қорыққан  күйі бас иіп, быт-шыты  шыққанын көрер  едің»[5].

Бұл Құрандағы жауапкершіліктің тау шыдамайтындай ауыр екенін, ал соны мойнына алған адам баласының одан бейғам өмір кешіп жатқанын аңғартады. Сондықтан мұндай бейғамдықтан мұсылманды мына нәрселер құтқарады деп Алла Тағала «Мүміндер» сүресінің алғашқы аяттарында былай келтіреді:

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ {1} الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ {2} وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ {3} وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ {4} وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ {5} إِلَّا عَلَى أَزْوَاجِهِمْ أوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ فَإِنَّهُمْ غَيْرُ مَلُومِينَ {6} فَمَنِ ابْتَغَى وَرَاء ذَلِكَ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْعَادُونَ {7} وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ {8} وَالَّذِينَ هُمْ عَلَى صَلَوَاتِهِمْ يُحَافِظُونَ {9} أُوْلَئِكَ هُمُ الْوَارِثُونَ {10} الَّذِينَ يَرِثُونَ الْفِرْدَوْسَ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ {11}

  • Шынында, иман келтіргендер құтылды
  • Олар – сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады
  • Олар – бос нәрселерден аулақ болады
  • Олар – зекеттерін береді
  • Олар – ұятты жерлерін сақтайды
  • Бірақ жұбайлары немесе меншіктілері болса, оларға сөгіс жоқ
  • Онда кім бұлардан басқаны іздесе, міне, солар – шектен шығушылар
  • Олар  аманаттарын, уәделерін қорғаушы
  • Олар – намаздарына ұқыпты
  • Міне, солар – мұрагерлер
  • Олар онда мәңгі қалатын Фердауыс жәннатына мұрагер болады.

«Олар – аманаттарын, уәделерін  қорғаушы» деген  аят тәпсіріне қатысты: «Аманат және келісім – адамның діни және дүнияуи істерін қоса қамтиды. Бұл сөзге де, іс-әрекетке де қатысты. Бұл ұғымдар адамдардың қарым-қатынасына жалпы қолданылады. Аманаттың мақсаты – оны сақтау және толық орындау», – делінеді.

Міне, бұл аятта аманатқа берік болудың басты сипаттары көрсетіледі. Бес парыздың астарында ауызға алынатын зекет беру, намазға ұқыптылық және басқа да имани кескін-келбет сипаттары арқылы мүміндер жәннат есігіне енетіні баса көрсетіледі.

Былай алып қарасақ, иман арқылы адамның жақсы мінез-құлықтары байқалады. Бұдан аманатты орындау кезінде иманның да басты маңызы бар екенін көреміз.

Аманаттың маңыздылығын мына хадистерден аңғаруға болады:

Хадисте Пайғамбарымыз ﷺ аманат ұғымына қатысты бірнеше хадис қалдырған:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : ( آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلَاثٌ : إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ ).

«Екі жүзді адамның үш белгісі бар: сөйлегенде өтірік айтады, уәде берсе орындамайды, аманатқа қиянат жасайды»[6].

«Аманат жоғала бастағанда қиямет жақындайды. Істерді лайық болмаған адамға тапсыру – аманатты жоғалту болып  табылады»[7]  немесе «Аманатты сақтау ризықты арттырады, ал қиянат кедейлікке жол ашады»  деген  хадистерінде де терең мағына жатыр. Аманатқа қиянат жасаудың соңы жақсылыққа апармайтыны тілге тиек етіледі.

Аманатты сақтаған адам өзінің ырыс-берекесін де арттырады. Еселеп нығметке кенеледі. Сондықтан Алла тағаланың адамға бұйыртқан бұл сипаты жақсылыққа бастауы тиіс. Оны бар мұсылман қауым да түсінуі керек. Егер адам бұл жолдан тайса, оның зардабын тартатынын  санаға сіңіруі тиіс.

«Алла және Оның расулы аманатты сақтайтын адамды жақсы көреді»[8] деген хадистен бұл Алла тағалаға да, Оның  Елшісіне де жағымды іс екенін көреміз.

Аманаттың пайдалары:

  • Иманның кәмілдігін көрсетеді.
  • Адамды және қоғамды берекелі етеді.
  • Аманат өз деңгейінде орындалса, діннің құндылықтары, адамдардың құқықтары, мал дүниесі сияқты қоғам иелік еткен заттар сақталады.
  • Аманатшыл адам Алланы жақсы көретін болады.
  • Қоғам арасында орыны биіктеп, оны адамдар жақсы көреді.
Аманаттың түрлері:

  • Алла түсірген дінді толық ұстану, бұл – намаз, ораза, зекет сияқты дініміз міндеттеген құлшылықтар.

 

فَخَلَفَ مِنْ بَعْدِهِمْ خَلْفٌ أَضَاعُوا الصَّلاةَ وَاتَّبَعُوا الشَّهَوَاتِ فَسَوْفَ يَلْقَوْنَ غَيًّا إِلَّا مَنْ تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ صَالِحًا فَأُوْلَئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ وَلا يُظْلَمُونَ شَيْئًا

«Олар дүниеден өткеннен кейін, орындарына (ұрпақтары) намазды тастап, нәпсіге берілгендер келді. Бұлар қияметте азғындықтарының жазасын татады. Ал, кімде-кім тәубе етіп, иман етіп, жақсы істермен шұғылданса, олар Жәннатқа кіреді, ешбір әділетсіздікке ұшырамайды».[9]

 

  • Дене мүшелері мен ағзаларды сақтау. Яғни, ағза мен мүшелерін Алла риза болатын істерге ғана пайдалану. Мысалы, көзбен харамға қарамау, құлақпен Алланың ашуына ұшырататынды тыңдамау, т.б.

وَاللَّهُ أَخْرَجَكُم مِّن بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ لَا تَعْلَمُونَ شَيْئًا وَجَعَلَ لَكُمُ السَّمْعَ وَالْأَبْصَارَ وَالْأَفْئِدَةَ ۙ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

«Алла Тағала сендерді аналарыңның құрсағынан ештеңені ұқпайтын қалыптарыңда шығарды да, шүкірлік етсін деп құлақ, көз, ой-сана берді»[10].
  • Ар – аманат. Бұл арды арсыздықтан сақтау, ұятты болу.

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَيَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ ۚ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

«Расында, Алла әділ болуды, жақсылық істеуді, жақынына қарайласуды бұйырады, һәм арсыздықтан, жексұрындықтан, зорлық-зомбылықтан тыяды, тәлім алсын деп Алла сендерге насихат береді»[11].
  • Иелік немесе басшылық еткеніңе аманатпен қарау. Өйткені, кісі өзінің бақташылық еткенінен сұралады.

Әбу Умамат әл-Баһилиден: «Мен Алла елшісінің ﷺ қоштасу қажылығы жылы насихат айтып тұрып:

الْعَارِيَةُ مُؤَدَّاةٌ وَالزَّعِيمُ غَارِمٌ ، وَالدَّيْنُ مَقْضِيٌّ

«Уақытша алынған зат – қайтарылуы тиіс, кепіл адам – жауапты, қарыз  өтелсін» дегенін естідім», – дейді.

  • Істеп жүрген жұмыс немесе қызмет – аманат. Адам істеп жүрген жұмыс, күнделікті тауып жүрген нәпәқасы болғандықтан, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуі тиіс. Пайғамбарымыз ﷺ: «Расында, Алла Тағала бір істі бастап соңына дейін жеткізген адамды жақсы көреді», – деген.
  • Сыр сақтау – аманат. Аманат етіліп айтылған немесе кенеттен кісінің сырын біліп оны басқаға ашпай сақтау мұсылманның міндеті. Әз пайғамбар ﷺ бұл жайында:«Жұбайының жасырын сырларын басқаларға айту – аманатқа қиянат жасау болып табылады»[12], – деп тыйған. 

 

  • Сөз – аманат. Яғни, кісінің жақсы сөз сөйлеп, жаман сөзден тілін сақтауы.

وَمَنْ أَحْسَنُ قَوْلاً مِّمَّن دَعَا إِلَى اللهِ وَعَمِلَ صَالِحًا وَقَالَ إِنَّنِي مِنَ الْمُسْلِمِينَ

«Шын! Мен Мұсылмандарданмын» деп, Аллаға шақыра отырып ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?»[13]

  • Жанұяға болған аманат. Жанұяның жағдайларын реттеп, оларға көңіл бөлу – отағасына аманат. Сахих хадисте: «Сенің мойыныңда жанұяңның ақысы бар. Ендеше, әрбір хақылы адамның хақысын бер» деген.

  • Бір кісіге бір зат аманат етіліп тапсырылса, аманатқа қиянат жасалмай иесіне жеткізу.

Әбу Рақаши немере ағасынан риуаят етеді: «Мен тәшриқ күндерінің ортасында Алла елшісі ﷺ түйесінің шылбырын ұстап адамдар арасынан өтіп бара жатқанмын. Ол кісі ұзақ насихатының ішінде:

فَمَنْ كَانَتْ عِنْدَهُ أَمَانَةٌ فَلْيُؤَدِّهَا إِلَى مَنِ ائْتَمَنَهُ عَلَيْهَا

 «Кімнің мойнында кісі аманаты болса, тапсырған адамға толықтай өтесін»[14], – деді.

Ендеше, аманатқа берік болу – ең алдымен,  Алланың әмірі кейін адамшылық белгісі. Мұсылмандық сипатта да осы қасиет басымдыққа ие болады. Ары мен намысын жоғары қоя алмайтын адам қашанда адасады. Басқаның алдындағы уәдесінен таяды, аманатына қиянат жасайды. Бұл қасиет бүгінгі күні де аса қажет. Адамзат аманатқа берік болып, сол  жолдан таймаса екен деп тілейміз.

 


 

[1] «Әнфал» сүресі, 27-аят.

[2] «Ниса» сүресі, 58-аят.

[3] «Ахзаб» сүресі, 72-аят.

[4] Сафуатут-тафасир.

[5] «Хашр»  сүресі, 21-аят.

[6] Имам Бухари, Мүслим риуаят еткен.

[7] Имам Бұхари риуаят еткен.

[8] Табарани.

[9] Мариям сүресі 59-аят

[10] «Нахл» сүресі, 78-аят.

[11] «Нахл» сүресі, 90-аят.

[12] Муслим риуаят еткен.

[13] «Фуссилат» сүресі, 33-аят.

[14] Бұхари хадистер жинағы

Аманат сөзінің астары тереңде жатыр. Бұл – адамдар арасындағы жағымды сипаттың бірі. Әсіресе, қазақтың күнделікті тіршілігінде бұл ұғым адамшылық белгісі ретінде қолданылады. «Аманатқа қиянат жасама» делінеді халық даналығында. Ал, қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне үңілсек,  «Орындауға тапсырылған міндет, өсиет» деген ұғым берілген екен.