Астанада наиб мүфти Бауыржан қажы Әбдірашұлының төрағалығымен ҚМДБ «Зекет» қорының алқалы мәжілісі өтті. Басқосуға қордың директоры Талғат Омаров, аймақтағы өкілдері қатысты.
Кездесуде Талғат Сейіткәрімұлы «Зекет» қорының 2018 жылы атқарған жұмыстары жайлы баяндады. Қайырымдылық бағытындағы жасалған игі іс-шаралардың есебін тыңдаған наиб мүфти Б.Есмахан атқарылған ауқымды жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс жобаларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Басқосу барысында «Зекет» қорының жуырда ғана іске қосылған мобилді қосымшасының арнайы таныстырылымы өтті.
Айта кетсек, қосымшада «зекетті есептеу», «зекет кітабы», «қор туралы», «біздің іс-шаралар», «онлайн садақа жасау», «мұқтаж жандар базасы» сынды басты мәзірлер арқылы қажетті кеңестер, ақпараттар мен мәліметтер алуға болады. Сонымен қатар, көмекке аса зәру жандардың ортақ базасы енгізілген. Онда науқастың аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы, медициналық анықтамалар, т.б. қажетті құжаттар жүктелген. «Онлайн садақа жасау» мәзірі арқылы аталған кісіге көмек бере аласыз.