ЕЛІН  АРДАҚТАҒАН АЗАМАТ

 Мақсат қажы Қуанышұлы туралы үзік сыр

 Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігі күні қарсаңында Семей қаласындағы Қос мұнаралы орталық мешіттің найб имамы Мақсат қажы Алтыбай «Семей қаласына сіңірген  еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Мақсат қажы Қуанышұлының   есімі Семей жұртшылығына кеңінен танымал. 20 жылдан астам өмір жолын дінге арнаған ол Семей өңірінде қызмет атқарып, асыл дініміздің құндылықтарын кеңінен насихаттап, Семей жұртшылығын имандылыққа бастап жүрген азаматтардың бірі.   

Шежірелі Шыңғыстаудың баурайында туып-өскен ол жасынан Абай, Шәкәрім  даналығынан нәр алып, ержетті. Жастайынан қалыптасқан   ұлттық құндылықтарға, ділге,   деген құлшынысы оны дін іліміне қарай жетеледі. Ұзақ жылдар бойы ел басқарған әкесі Қуаныш пен алты бала тәрбиелеп өсірген анасы Мәкеннің берген тәлім-тәрбиесі мол болды. «Әкеге қарап ұл өсер», – дегендей әкесі оны жасынан жақсылыққа, имандылыққа  баулып өсірді.

Арман жетегімен қалаға келген бозбала Семей қаласындағы діни сауат курсына келіп, діни білімнің бастауымен сусындады.  Білімге деген құштарлық оны Түркиядан бірақ шығарды. Бурса қаласындағы имам Хатип лицейінде оқып, білімін жетілдіреді. Туған елге оралып, Қарауылдағы «Құнанбай қажы» мешітінде екі жыл мешіт азаншысы болып, ал 1998 жылы Алматы қаласындағы екі жылдық Ислам институтына түсті. 2000-2004 жылдар аралығында Семей орталық мешітінде найб имам қызметін атқарды.

Дегенменде, ол әлі де болса, терең білімнің қажеттігін түсінген ол  2004 жылы Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Ислам университетіне оқуға  баруға ниеттенгенде көптеген мешіт жамағаттары оған ақжол тілеп: «Білімге ұмтылғаның  дұрыс. Бізге де өзің сияқты  білімді азаматтар  қажет. Оқуыңды  бітірген  соң елге қайта орал» – деп  үкілі үмітпен Алматыға  аттандырған еді. «Исламтану» мамандығы бойынша оқу орнын ойдағыдай аяқтап шықты. Сол кезде оның   еліміздегі ең ірі  шаһарда қалып қалу мүмкіндігі де  болып еді. Бірақ жұртшылыққа  берген уәдесінде тұрып, туған еліне  оралып,  ол бұрынғы қызметіне қайта кірісті.

2013 жылы Бас мүфтидің бұйрығымен ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкіл имамы, Семей қалалық Қос мұнаралы орталық мешіттің бас имамы болып тағайындалды. Апты жылдан астам  уақыт  өкіл имамдық қызметті абыроймен атқарған Мақсат Қуанышұлы  өзінің қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен,  әділдігімен  ерекшеленіп,  көпшіліктің  көңілінен шыға білді.  Ол халықпен етене араласып, көптеген игілікті істердің атқарылуына бастамашы болды.

Әсіресе қайырымдылық шаралары кеңінен қолға алынып, көптеген мұқтаж жандарға мешіт тарапынан көмектер жасалды. «Бұл жұмыстарды  тек мен жалғыз атқарған жоқпын. «Көп түкірсе, көл» дегендей  бұл   ұлтжанды азаматтардың, қала, аудан имамдарының  қолдауымен  жүзеге асқан шаралар,- дейді Мақсат қажы. Бірде  бір   көп балалы ананың қыстың қыраулы күндерінде  баспанасыз отырғанын естігенде жарғақ құлағы  жастыққа тимей  өзі бас болып,  бірнеше кәсіпкерлерге тікелей  барып,  жалғыз басты анаға баспана ұсынған еді. Айта берсе, мындай мысалдар жеткілікті.

Ол қайда жүрсе де артынан ерген жастарға қамқор болып, өзінің ағалық қамқорлығын ұсынып жүреді. Бүгінде Семей өңіріндегі жас имамдардың бір тобы осы Мақсат қажының тәрбиесін көрген жастар. Ол ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі  өкіл имамы болып жүрген кезінде жастардың діни оқу орындарына баруына кеңінен  жол ашып, жыл сайын 10-15 талапкерді  еліміздегі діни оқу орындарына түсуге   бағыттап отырды. Нәтижесінде өңірдегі  көптеген мешіттер арнайы білімі бар дін қызметкерлерімен толықты.

Мақсат қажы облыс әкімінің алдына барып, тарихи мешіт болып саналатын еліміздегі байырғы мешіттердің бірі Семей қаласындағы қос мұнаралы  орталық мешітке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде өтініш жасаған еді. Өткен жазда аймақ басшысы Даниал  Ахметовтың қолдауымен   шежірелі мешітке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, хакім Абай, ойшыл Шәкәрім қажы сынды даналардың ізі қалған тарихи ғимараттың  келбеті қайта жаңарды және қаламыздағы ең  көрікті орындардың біріне айналды.

«Мақсат қажыны  білікті дін қызметкері ретінде білеміз.  Ұзақ жылдар бойы дініміздің насихатшысы  болып, оның басшылығымен Семей өңірінде  көптеген жұмыстар  атқарылды және  ел ортасына өзіндік орны бар  сыйлы азамат. Әріптесіміздің  алдағы уақыттарда да имандылық жолында қажырлы еңбек ететініне  сеніміміз мол»- дейді Семей өңірінің бас имамы Асқар қажы Мұқанов.

Бүгінде ол-бір жанұяының отағасы. Құдай қосқан жары Лаура екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр.

Дін жолында қажырлы еңбек етіп жүрген Мақсат қажының  сауапты да, жауапты қызметіне Алла Тағала толағай  табыс нәсіп етсін!

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                             Т. Оразғали, Семей қаласы.