«Астана» медресесінің ұйымдастыруымен өткен айтулы сайысқа еліміздің 9 медресесінен 18 үміткер қатысты. Сайыс шартына сәйкес шәкірттер «29-30-пара» және «30-пара» аталымы бойынша сынға түсті. ІІ курста тәлім алатын шәкірттер тек 30-пара бойынша сұралса, ал, III курс шәкірттері екі пара бойынша да білімдерін көрсетті.
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құран сайысының ашылу салтанатына арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді. Наиб мүфти жиылған жамағат пен қатысушы шәкірттерге қасиетті Құран Кәрімнің маңыздылығы мен мұсылман өмірінде алар орны жайында тұшымды насихат айтып, білім жолындағы шәкірттерге сәттілік тіледі.
Шәкірттердің білім деңгейін бағалап, сайысқа қазылық жасау жауапкершілігі ҚМДБ Діни білім жəне кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, республикалық қарилар орталығының директоры Сәдуақас қари Сағындықұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар қари Өсерханұлы және «Астана» медресесінің директоры Ибраһим Сматаевтарға жүктелді.
Сайыс ережесіне сәйкес, әрбір үміткер қазылар алқасы тарапынан қойылған үш сауалға жауап беріп отырды. Жарыс жеңімпазын анықтау барысында шәкірттердің Құран аяттарын жаттау қабілеті, оқу мәнері және әуезділігі ескерілді.
Сайыс соңында қатысушылар мен жеңіпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды. «29-30-пара» аталымы бойынша бас жүлде «Әбу Ханифа медресе колледжінің» шәкірті Жәдігер Әлиәкбарға бұйырып, оған кіші қажылық жолдамасы берілді. Ал Жәдігермен иық тіресе сайысқа түскен Нұрдәулет Нәби («Астана медресе колледжі») жүлделі І орынға ие болса, ІІ орын «Сарыағаш медресе колледжінен» келген Айдын Маканға, ІІІ орын «Хибатулла Әт-Тарази медресе колледжінің» шәкірті Берікқан Қоңыратбаевқа бұйырды.
Сондай-ақ «30-пара» аталымы бойынша жүлделі І орынды жарыс қожайындары «Астана медресе колледжінің» шәкірті Нұрберген Хайриддин жеңіп алса, ІІ орынды «Әбу Ханифа медресе колледжінен» келген Қуаныш Сайдулла Қуаныш иеленді. Ал «Шымкент медресе колледжінің» шәкірті Азизбек Анартаев жүлделі ІІІ орынды қанағат тұтты.
Пікір қалдыру