ЖАРМА АУДАНЫНА ЖАҢА ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти бұйрығымен Жарма аудандық орталық мешітінің бас имамдық қызметіне Тимур Қайдарұлы тағайындалды.

Жарма ауданына іс-сапармен барған ҚМДБ – ның Семей өңірі бойынша Бас имамы Асқар Әбітайұлы Ауданның ауылдық округтерінен келген мешіттің діни қызметкерлеріне арнайы жиын өткізіп, орталық мешіттегі ауыс-түйістің  мақсатына тоқталып, жаңа тағайындалған бас имам Тимур Қайдарұлына қызметінің сәтті болуына тілектес екенін білдірді.

  Қасиетті жұма күні аудандық орталық мешітте бас имам «Мешіт – имандылық ұясы» тақырыбында уағыз айтып, жамағатты әрдайым ынтымақта болып, бірлікпен жұмыс жасауға шақырды. Бұдан кейін, аудан ақсақалдары мен барша жамағаттың алдында тағайындалған жаңа имам Тимур Қайдарұлын таныстырып, Жарма ауданында Бас имамдық қызметті абыроймен атқарған Оспан Мерғалиға  алғыс хат табыстап, шапан жауып сый сияпат көрсетіп, алдағы уақытта Мерғали Оспан Жүніспекұлы наиб имам болып жұмысын жалғастыратыны айтылды.

Намаздан кейін, Бас имам ел амандығы мен жұрт тыныштығы, бейбіт өмірдің тұрақтылығы, ұрпағымыздың баянды болашағы үшін Алладан дұға етті.

Қысқаша өмірбаяны:

Аудандық мешіттің бас имамы қызметіне тағайындалған – Елеуов Тимур Қайдарұлы 1986 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бестерек ауылында дүниеге келген.

Дін саласында бірнеше жыл еңбек еткен, жоғары білімді, отбасылы.

2009-2013 жылы Зырян ауданы қазіргі Алтай қаласы мешітінің найб имамы, 2013-2016 жылдары Ұлан ауданы «Мұса Баба» мешітің бас имамы,

2016 жылдан осы уақытқа дейін Зайсан аудандық орталық мешітің бас имамы қызметін атқарған.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.