ӘЙГІЛІ  БАЛУАН  ТУҒАН ЕЛІНЕ КӨМЕК  ҚОЛЫН  СОЗДЫ

Коронавирус пандемиясы кезінде  атақты балуан, еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыханов  жерлестеріне қолдау білдіріп, ШҚО-ның аудандарындағы көмекке мұқтаж, аз қамтылған тұрмысы төмен отбасыларына көмек қолын созып, 80 тонна азық-түлік жіберді.

Өзгенің ауыртпашылығын жеңілдету  – адамдық қасиеттің ең ұлысы. Осындай қиын сәтте аты аңызға айналған балуан  Дәулет Болатұлы қолындағы барымен жерлестерімен бөлісіп, демеу болды.

Азық-түлікке толы жеті жүк көлігі Жарма, Тарбағатай, Абай, Аягөз, Көкпекті және Үржар аудандарындағы халықтың мұқтаж топтарына арнайы  жөнелтті.

Осы игі шараны ұйымдастырушылардың бірі Жандос Ілиясов: “Дәулет Болатұлы туған өлкесіндегі жерлестерін ешқашан  ұмытпайды. Жаһанды жайлаған індет кезінде, жұмыссыз, әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп кеткен жандарға көмегін беруді өзінің азаматтық міндеті санайды” – деп ағынан жарылды.

Иә “Біз біргеміз” акциясының аймақтарда да жүйелі жалғасын табуы, осындай жүрегі кең жомарт жандардың арқасында іске асып жатқан игілікті шаралар.

Қиын-қыстау кезде жұдырықтай  жұмылып, бір-бірімізге қолдау көрсету аса маңызды іс болып табылады.Бүгінде меценаттардың қолдауымен «Біргеміз» қорына 18 миллиард 899 миллион теңге қаржы жиналды.

Сонымен қатар 7 миллиард 600 милионнан астам теңге облыстар мен республикалық маңызы бар қала тұрғындарының 150 мыңнан аса мұқтаж топтарына 50 мың теңгеден берілді.

Қуаныш Рахметоллаұлы, Семей қаласы.