АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ  175 ОТБАСЫНА РАМАЗАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы  Тағанұлы хазіреттің  бастамасына    бір ауыздан үн қатқан Семей өңіріне қарасты мешіттер  Ораза айында қайырымдылық шарасын өткізуде үлкен белсенділік танытып келеді. Қасиетті Рамазан айының әр күнінде 200-250 адамға ауызашар пакетін ұсынуда.

Таяуда Семей өңірі имамдары және Зекет қоры ұйымдастыруымен   “Абай Құнанбайұлының 175 жыл толуына орай 175 отбасына Рамазан қайырымдылығы” атты қайырымдылық ұйымдастырылып азық-түлік таратылды жәнеде ораза тұтқан қарияларға дін  қызметкерлері ауызашар дорбаларын олардың шаңырақтарына арнайы апарып, құрмет көрсетті.

Біздің мақсатымыз – жылдағы ауызашар дәстүрін жалғастырып, қиын кезеңде  жамағаттарға қолдау көрсету. Әрине бұндай ауқымды істі тек бір  мешіт қызметкерлерінің атқаруы қиын. Бізге бірінші кезекте жомарт жандар қолдау көрсетуде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Жақсы адам- қоғамға, елге пайдасы тиген адам»– десе, ұлттың рухани ұстазы Абай бабамыз: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – деп айтқандай осы асыл қасиеттерді бойына дарытқан  Абай елінің  мәрт азаматтарына айтар алғысымыз мол. Сын сағатында мешіт есігі уақытша жабылғанымен,  хакім атамыз айтқан жылы жүректі жандарға  рамазан айында  мейірімділіктің, сауаптың есігі айқара ашылуда, – дейді Семей өңірінің бас имамы Асқар Мұқанов.

– Биылғы Рамазан айы қалай өтер екен деп алғашында жүрегіміз күпті болған еді. Аллаға шүкір, қасиетті айда бас имамымыз Асқар Мұқановтың  жетекшілігімен ауқымды қайырымдылық шаралары  атқарылуда. Сонымен қатар имамдарымыз   күнделікті жергілікті  теледидар, ғаламтор арқылы жұртшылыққа рухани азық болатын тағылымды уағыздар айтуда.   Осындай ауыр кезеңде қиядан жол тауып,  халыққа қызмет көрсетіп жатқан азаматтарға Алланың нұры жаусын, – дейді қоғам белсендісі, ардагер дәрігер Гүлжиһан Жұматаева.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде кім Рамазанда Алла үшін кішкентай бір жақсылық жасаса, басқа айларда парыз өтегендей сауап алады. Ал, осы айда бір парыз өтеген адам басқа айларда жетпіс парыз өтегеннің сауабын алады»-деген. Осындай  берекелі айда көптеген сауапты істерді атқарып, еліміздің береке-бірлігін асқақтатып жүрген  ұлтжанды азаматтардың кәсібіне табыс тілейміз!

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз  қызметі.