ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ ҮНДЕУІ

بِسْمِ ٱللّٰهِ ٱلرَّحْمٰنِ ٱلرَّحِيم Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Әуелі барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарға оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
 Ассаламу алайкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһу!

Құрметті дін басшылары, мұсылман бауырлар!

Бүгінде COVID-19 жұқпалы дерті жер бетіндегі әлем жұртшылығын алаңдатып отырғаны баршаңызға мәлім. Өкінішке қарай, бұл індеттен әлемде мыңдаған адам көз жұмды. Әлемде осы дерттен қаза тауып, қара жамылған отбасылардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқасын!

Өмір – сынақ, жақсылықпен қоса қиындық та қатар жүреді. Мұсылман баласы басына қиындық түссе, төзімділік танытады, нығметке бөленсе, шүкір етеді. Қиындықты сабырға жеңдірген пенде Алланың мейіріміне бөленеді. Алла Тағала: «Сөзсіз Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және дүние-мүліктеріңді, жандарыңды, сондай-ақ жемістеріңді алу арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді сүйіншіле!» («Бақара» сүресі, 155-аят) деген. Алла Тағала сынаққа сабыр етіп, сауапқа кенелген пенделерінен еткей!

Қадірлі мұсылман жұртшылығы!

Қазіргі таңда бұл ауыр індет күллі адамзат баласына қатер төндіріп отыр. Біз (бәріміз) Адам ата және Хауа анадан тараған бір үмбетпіз. Бұл індетке дұға жасау арқылы қарсы тұруымыз қажет. Себебі дұға – мұсылманның қорғаны. Қасиетті Құран Кәрімде: «Раббыларың: «Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын» («Ғафир» сүресі, 60-аят) деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ауруларыңды садақамен емдеңдер, бәле-жаладан дұға жасау арқылы қорғаныңдар …» деп, дұға етудің қаншалықты маңызды екеніне назар аударған.

Шартарапқа жайылған індеттің алдын алуда адамзат Ұлы Жаратушының мейіріміне мұқтаж екенін айқын сезінуде. Сол үшін әрбір ұлт өкілі, барша адам баласы жұдырықтай жұмылып, шын жүректен Жаратқанға жалбарынып, адамзаттың амандығын сұрайтын сындарлы сәтте тұрмыз. Алланың ардақты елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа – артықшылығы мол күн. Арапа артықшылығы жағынан қасиетті жұма күніне ұқсас. Ол жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да – Арапа күні жасалған дұға» дейді.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық Азия елдерінің ғұламаларын, күллі дін қайраткерлерін, дін саласының оқытушы-ұстаздары, қариларды және барша мұсылман қауымын 30 шілде, бейсенбі күні  бесін намазының уақытында «Бір мезетте – бір дұға» атты игі бастама аясында күллі адамзаттың амандығы үшін бір уақытта алақан жайып, дұға жасауға үндейді.

Аса Мейірімді Алла Тағала күллі адамзат баласына амандық-саулық беріп, ауру-сырқаудан айығып, қуанышты күндерге тезірек жетуді нәсіп еткей. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти

 29 шілде, 2020 жыл,

Нұр-Сұлтан қаласы